Ақтауда әскерге аттанған сарбаздың есі ауысып, өз-өзімен сөйлесіп, сандырақтайтын жағдайға түскен, деп хабарлайды Paryz.kz, Informburo.kz-ке сілтеме жасап.
Осыдан бес күн бұрын Ақтаудағы 25/ 744 әскери бөліміне Отан алдындағы борышын өтеуге барған 19 жастағы Талғат Айтмұханов өз-өзімен сөйлесіп, сандырақтайтын жағдайға түсті. Тіпті, өз әкесін де танымай қалған.
Талғаттың әкесі Мақсат Сәрсенбаевтың айтуынша, 11 мамыр күні Бейнеу ауданының әскери комиссариатына барған баласы Талғатты екі офицер медициналық тексеруін аяқтамай жатып пойызға отырғызып жіберген. Сөйтіп, 14 мамырда жас жігіт Ақтаудағы 25/744 әскери бөліміне қабылданған. Алайда күні кеше әскерилер хабарласып, ұлдарының ауырып қалғанын айтыпты.
"Кеше анасына "балаң ес-түссіз жатыр, аты-жөнін білмейді, келмесеңіз болмайды" деп хабарласыпты. Бала сандырақтап, әр затты айтып кетеді. "Терезені жап", "терезені аш" деп, терезеге қарай жүгіреді. Баламды танымай қалдым", – деді Мақсат Сәрсенбаев.
Ал облыстық аурухана дәрігерлері Талғаттың денсаулығында еш кінәрат жоқ деген қорытындыға келіп шығарып салады. Бұған келіспеген жақындары Талғаттың психикалық ауытқуы бар-жоғын анықтау үшін диспансер мамандарына тексертуге бекініп отыр. Алайда, диспансер Талғатты қабылдамай жатыр екен.