Прямая трансляция

Астана

Астана

-9.03°C

"Төребаев тұтқындалды": "Mudarabah Capital" ЖШС ісіне қатысты жаңа деректер

Алматыда қаржы пирамидасын құрды деген күдікке ілінген азаматтар қамауға алынғаны белгілі болды. Бұл мәліметті қалалық ПД баспасөз қызметі растады, деп хабарлайды Paryz.kz, Nur.kz-ке сілтеме жасап.

"Төребаев  тұтқындалды": "Mudarabah Capital" ЖШС ісіне қатысты жаңа деректер

Полиция қаржы пирамидасын ұйымдастырды деген күдікпен төрт адам қамауға алынғанын хабарлады. "Қаржы пирамидасына қатысты тағы үш күдікті анықталды. Бұл Mudarabah Capital серіктестігінің қатысушылары - Ш. және Т. есімді азаматтар. Оларға қатысты бұрын "кепіл" түріндегі бұлтартпау шарасы таңдалған сондай-ақ М. және К. есімді азамат сотқа дейінгі тергеу кезеңінде "үйқамақта" болған", - деді Алматы ПД бастығының орынбасары Рустам Әбдірахманов.

ПД баспасөз қызметі олар қалалық департаменттің тергеу басқармасында "Қаржы (инвестициялық) пирамидасын құру және оған басшылық ету" бабы бойынша тергеліп жатқан қылмыстық істе күдікті ретінде танылғанын еске салды. 

Қылмыстық іс "Astex.kz" ЖШС, "ACD technology" ЖШС лауазымды тұлғаларына қатысты қаржы пирамидасын құрып, оған басшылық ету фактісі бойынша адамдар тобының ұжымдық арызы негізінде тіркелген. Полицейлердің ақпараты бойынша, 2019 жылғы ақпан-2021 жылғы қаңтар аралығында аталған ЖШС лауазымды тұлғалары жеке және заңды тұлғалармен мемлекеттік сатып алуға қатысу үшін қажетті қаражатты тарту мақсатында бірлескен қызмет туралы шарттар жасасқан. Екі жақты құжатқа сәйкес, фирмалар ай сайын әр салымшыға салым сомасының 20 пайызын төлеуі керек болған. "Astex.kz" ЖШС-да 162 салымшыдан 5 млрд теңгеден астам ақшалай қаражат басқа компания - "Mudarabah Capital" ЖШС арқылы түскен.

Естеріңізге сала кетейік, ақпан айында блогер Мейіржан Төребаев пен актер Мейірхан Шерниязов қаржы пирамидасын құрды деген күдікке ілінді. Алматының тергеу соты оларға кепіл түріндегі бұлтартпау шарасын санкциялады. Артынша Төребаев өзіне қатысты айыптауға жауап берді. Жақында Бас прокуратура өкілдері блогер Мейіржан Төребаевты қаржы пирамидасы туралы іс бойынша тергеу кезеңінде неге қамауға алмағанын түсіндірді.