Прямая трансляция

Астана

Астана

-8.03°C

Тараз түрмесіндегі жазасын өтеушілер аштық жариялап отыр

Тараз түрмесіндегі жазасын өтеушілер 20 күннен бері ас-судан бас тартып, аштық жариялап отыр деп хабарлайды Paryz.kz, Turkystan.kz-ке сілтеме жасап. 

Тараз түрмесіндегі жазасын өтеушілер аштық жариялап отыр
Сурет: Хабар 24

Олардың айтуынша, түрмедегі басшылары басынып, сотталушыларды күн сайын соққыға жығады екен. Сондай-ақ заңды түрде берілуге тиіс құрал-жабдықтарын да бермейтін көрінеді. «Таяқтың астында қалдық» дегендер түрме ішінен телефонға түсірілген бейнеүндеу жолдады. Қаладағы ЖД-158/4 түзету мекемесіндегі жазасын өтеушілер «қысымды жаңа басшылықтан көріп отырмыз» дейді. Тіпті түн ортасында келіп, ұйқыда жатқан жерінен ұрып-соғатындарын айтады.

«Мекеме қызметкерлері келіп, түнгі уақытта сотталғандарға күш көрсетеді. Әлімжеттік жасайды. Ешқандай жағдай жасалмаған. Мына мекемеге келгенде төсек-жабдық, тиісті заттарды берген жоқ», – дейді жазасын өтеуші Жұбаныш Зейнадинов.

Азаптауға шыдамаған кейбір сотталушылар тіпті өзіне-өзі қол жұмсағысы да келген. Ал балалары үшін алаңдаған ата-аналар «қысым көрсеткен бастықтары» бұрын да жаманатты болғанын айтады.

«11 адам өзіне-өзі қол жұмсаған. Оларды мұндай жағдайға Бақтияров Серікбол жеткізген. Бұл жігіт Алматыда да жұмыс істеген екен. Ол жерде адам өлімі болған деп естиміз. Сондықтан мен баламның өміріне алайдаймын», – дейді сотталушының анасы Гүлнәр Қоңқашева.

Сотталушының анасы меңзеген Серікбол Бақтияров – Тараздағы ЖД-158/4 түзету мекемесі бастығының орынбасары. Ол бұл жағдайды «түрмедегі тәртіпке бағынбайтындардың әрекеті» деп түсіндірді. Өзін қаралағандарды да жазасыз қалдырмайтынын жеткізді.

«Біздің талаптарымызды орындамау мақсатында осындай іс-әрекетке барып отыр. Аталған сотталғандарға міндетті түрде Қылмыстық кодексті басшылыққа ала отырып, менің тарапымнан арыз түсіреміз», – деді ЖД-158/4 мекемесі бастығының орынбасары Серікбол Бақтияров.

Жазасын өтеушілердің арызы бойынша прокурорлар қылмыстық іс қозғаған. Ал «түзету мекемесінде таяқтан көз ашпадық» дегендер ем қабылдап жатыр.