Прямая трансляция

Астана

Астана

-12.03°C

Атырауда орнатылуы тиіс ескерткіштің бағасы төңірегінде дау туды

Абай ескерткішіне бөлінген қаржынының бір бөлігін алмақ болды деп Атырау облысы әкімінің орынбасары Бақытгүл Хаменова мен Мәдениет басқармасының басшысы Ақылбек Рысқалиев күдікке ілінгеннен кейін басталған іс аяқсыз қалғандай...

Атырауда орнатылуы тиіс ескерткіштің бағасы төңірегінде дау туды
фото: видеодан скриншот

Атырау облысында шуға айналған Абай ескерткіші әлі ашылмаған. Монуметті тапсыруы тиіс болған компания құрылыс жұмыстарын аяқтамапты. Аймақта ескерткіштің өзі емес, бөлінген қаражат төңірегінде дау туындады. Мәселен, Атырау облысында 145 миллион теңгеге бағаланған дәл осындай монументті Павлодар қаласының әкімдігі 55 миллион теңгеге орнатқан. Екі ескерткіштің де техникалық ерекшеліктерінде айырмашылық жоқ. Тіпті тапсырысты да бір компания орындаған. Ал авторы мүсінші Асқар Нартов деп хабарлайды Paryz.kz, 31-телеарнаның "Информбюро" бағдарламасына сілтеме жасап. 

Павлодардағы орталық алаңға бір жыл бұрын қойылған Абай ескерткішінің биіктігі 10 метр, қоладан жасалған монументтің құны 55 миллион теңге. Авторы – белгілі мүсінші Асқар Нартов. 

Атыраудағы жақын күндері ашылуы тиіс 145 миллион теңгеге бағаланған Абай ескерткішінің биіктігі 11 метр. Қоладан жасалған ескерткіштің авторы Асқар Нартов екені анықталды. Екі мүсіннің де тапсырысын алған "Балқыту" жауапкершілігі шектеулі серіктестігі. Десе де екі ескерткіштің бағасындағы үлкен айырмашылықтың қайдан шыққаны түсініксіз. 

Ақынның мүсінін орнату туралы шешім шығарған Атырау облысы Мәдениет басқармасындағылар тапсырыс беруші қалалық мәдениет бөлімі екенін айтады. Сондықтан құнының қымбаттығына біз жауапты емеспіз деп отыр. Ал бөлімдегілер жобаны да, соманы да шешкен сол басқармадағы комиссия дейді.  

Облыстық Мәдениет басқармасының жанынан комиссия құрылып, осы мүсінді таңдаған. Бізге осы мүсінді таңдады, сметасы мен осындай сома, - деп мәлімдеді Атырау қалалық Мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Нұрбек Ахмедьяров.

Абай ескерткішіне бөлінген қаржынының бір бөлігін алмақ болды деп Атырау облысы әкімінің орынбасары Бақытгүл Хаменова мен Мәдениет басқармасының басшысы Ақылбек Рысқалиев күдікке ілінгеннен кейін басталған іс аяқсыз қалғандай. Жақында ашылуы керек ескерткіштің құрылысы әлі жүріп жатыр. Ал құрылыс басында жүрген "Балқыту" компаниясы басшылары ескерткішке қатысты сауалдарымызға жауап беруден бас тартты. Сөздерінше, қазір олар да сыбайлас жемқорлыққа қатысты істі болып жатыр екен. Осылайша "Балқыту" жауапкершілігі шектеулі серіктестігі басшылары бұл қылмыс бойынша күдікке ілінген болып шықты. Ал тапсырыс алған бұл компанияға қатысым жоқ, бірақ ескерткіш жұмысына жауаптымын деген жеке кәсіпкер былай дейді. 

Сметада нақты не жазылғанын білмейді екенмін. Тастың бағасы қымбат. Сосын қоланың бағасы өте қымбат боп кетті. Ресейде екі-үш есе өсіп кетті. Павлодардағы ескерткіш бетоннан жасалған. Ал мұнда асты ғана бетон. Граниттен жасалған. Гранитті жеткізу, жасауы өте қымбат, - деді жеке кәсіпкер Нұржан Байнизов.

Яғни 145 миллион теңгенің жобасын алған "Балқыту" компаниясы жұмысын жеке кәсіпкерге берген. Ал ол өзара келіскен бағасын айтпады. Әкімдік тапсырысты алған серіктестікке 72 миллион 500 мың теңгені аударған. Қалған 72 миллион 500 мың теңгені келер жылы төлейміз дейді.