Прямая трансляция

Астана

Астана

-12.03°C

"Ақша алынады, үй салынбайды": Ақтауда элиталық тұрғын үйдің үлескерлері шу шығарды

Олар келісімшарт бойынша 2020 жылдың соңында алуы тиіс болған пәтерлерін беруді сұрайды.

"Ақша алынады, үй салынбайды": Ақтауда элиталық тұрғын үйдің үлескерлері шу шығарды
фото: видеодан скриншот

Ақтауда элиталық санаттағы "Шахар Плаза" тұрғын үй кешеніне жарна салған азаматтар бір жылдан бері пәтерлеріне кіре алмай жүр. Айтуларынша, кейбір үйдің тіпті іргетасы да қаланбаған. Құрылыстың тұралап қалғанына ашулы топ компания басшыларын іздеп құрылыс аумағына барды. Дегенмен, бір бітімге келе алмай, амалсыздан әкімдіктен көмек сұрады деп хабарлайды Paryz.kz, 31-телеарнаның “Информбюро” жаңалықтар бағдарламасына сілтеме жасап.

Қолдарына плакаттарын ұстап, "Шахар Плаза" тұрғын үй кешенінің құрылыс аумағына жиналғандардың қабағы қатулы. Олар келісімшарт бойынша 2020 жылдың соңында алуы тиіс болған пәтерлерін беруді сұрайды. "Ауес и К" құрылыс компаниясына жарна салғандар құрылыстың үш жылдан бері тұралағанына наразы. Соның кесірінен, кейбірі баспаналы болу үшін алған несиелерінен бөлек, жалдамалы пәтер ақысын да төлеуге мәжбүр.

Содан бері үй салынбай тұр, тоқтап, ақшалар салынып жатыр. Енді сол үйді салуды талап етеміз, иә болмаса үйді салушыны ауыстыруды талап етеміз. Менде 10 миллионнан астам ақша кетті. 2020 жылдың желтоқсан айында үйге кіресің деген. Енді үй түгіл орнында фундамент жоқ, – деді жарна аударушы Түзелбай Сатмағанбетов.

Ішпей-жемей, бала-шағамыздың аузынан жырып сол жерге салып қойдық. Үй салынбайды деп айтты. Біз жап-жаңа барып кездестік. Үйді салатындар айтты, ақша салмасаңдар, ақша жоқ деді болды. Ақшаны жеп қойған, – дейді жарна аударушы Гүлбану Жаңбырбаева.

Құрылыс компаниясының басшыларымен бір бітімге келе алмаған жарна саушылар, ақыры әкімдікке барып көмек сұрады. Ақтау қаласының әкімі жиылған топқа кеңесін айтып, көмек көрсететінін жеткізді.

"Шахар Плаза" кешенінде 500 пәтер салу жоспарланған. Құрылысты жүргізуші тұрғын үй кооперативі ешқандай жауапкершіліктен қашпаймыз деп отыр. 

Ай сайынғы жарнаны салғысы келмейтін немесе құрылыстың бітуін күткісі келмейтін азаматтар арыз жазып, ақшасын қайтара алады. 2020 жылы құрылыс пандемия кесірінен тоқтап қалды. Одан кейін құрылыс материалдары қымбаттаса да біз бағаны көтермедік. Ешкімді алдамаймыз, Ақтауда бірнеше кешенді сәтті тұрғызып, қолданысқа бердік, – деді "Ауес и К" компаниясы сату бөлімінің менеджері Олжас Төлеуханов.

Сондай-ақ, компания өкілі жарна салғандар пәтерге ай сайынғы төлемді төлеп тұрмаса, құрылыстың жүруіне кері әсерін тигізеді деп отыр. Ал құрылысты 2023 жылдың басында аяқтауға уәде етті.