Прямая трансляция

Астана

Астана

-13.03°C

Зейнетақы қорындағы өзгерістерге наразылар билік пен БЖЗҚ-ны сотқа берді

БЖЗҚ бұл өзгерісті әлеуметтік көрсеткіштердің ұлғаюымен байланысты деп түсіндірген еді. 

Зейнетақы қорындағы өзгерістерге наразылар билік пен БЖЗҚ-ны сотқа берді
фото: ашық дереккөз

Қазақстанда зейнетақы қорында міндетті түрде қалуы тиіс қаражат мөлшерінің екі есеге жуық ұлғаюына наразы азаматтар сотқа Еңбек министрлігі мен Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорын жауапқа тартуды талап еткен арыздар түсіре бастады. Зейнетақы қорындағы ақшаны пайдалану шартының өзгеруіне қарсы онлайн петицияға қол қойғандар 54,5 мыңнан асты деп жазады "Азаттық радиосы".

Сотқа арызданғандардың бірі - 44 жастағы алматылық белсенді Әлнұр Илияшев.

Ол зейнетақы қорындағы ақшаны алу шарты өзгерген соң қорда қалуы тиіс ақшаның көлемі 3,8 миллион теңгеден 6,4 теңгеге көтерілгенін айтып, 2,6 млн теңгеге зардап шеккенін айтады.

Белсендінің сөзінше, бұл туралы президент Қасым-Жомарт Тоқаев 1 қыркүйек күнгі халыққа жолдауында ең төменгі жалақының 60 мың теңгеге көбейгенін айтқан кезде БЖЗҚ мен Еңбек министрлігі жұртқа уақыт беріп, алдын ала ескерту жасауы тиіс еді.

Енді зейнетақы қорындағы ақшамды алу үшін ол жерде 6 420 000 теңге ақша қалуы тиіс. Іс жүзінде 2 600 000 теңгеге зардап шектім. Соттан ол ақшаны БЖЗҚ мен Қазақстан Республикасы атынан еңбек министрлігінен өндіріп беруді талап етемін, - дейді ол Азаттыққа.

Илияшев арызын Алматыдағы Медеу аудандық сотына онлайн түсіргенін, әлі өндіріске алынғаны-алынбағаны жөнінде хабарлама түспегенін айтады.

Берік Қошқарбай есімді Алматы тұрғыны да Медеу аудандық сотына БЖЗҚ мен Қазақстан үкіметінен шығындарын өтеуді талап етіп, арыз түсірген. Ол бұл туралы өзінің Facebook парақшасында жазды.

БЖЗҚ белгілеген шекті деңгейден асу үшін қорда кемінде 9 120 000 теңге болуы керек. Биыл ол меже 5 560 000 болатын. Ал маған зейнетке шығуға екі жыл қалды. Қордағы межеден асқан 1 199 308 теңгемді денсаулығыма және отбасымның денсаулығы үшін жұмсауды жоспарлап жүр едім. Сондықтан мен БЖЗҚ мен еңбек министрлігінен 3 560 000 теңге өндіріп беруді талап етемін, - деген ол арызында.

Желтоқсанның басында "Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры" 2022 жылы зейнетақы жинағын мерзімінен бұрын алу шегін ұлғайтатынын хабарлаған еді. Егер қазір 20 жастағы азамат 1,7 млн теңге жинауы керек болса, келесі жылдан бастап бұл көрсеткіш 3,1 млн теңге болады.

БЖЗҚ бұл өзгерісті әлеуметтік көрсеткіштердің ұлғаюымен байланысты деп түсіндірген еді. Мекеме "жеткілікті шек" мөлшері жыл сайын өзгеріп отыратынын айтты.

Жаңа өзгеріске сәйкес, келесі жылдан бастап 30 жастағы азамат үшін зейнетақы қорында қалуы тиіс "жеткілікті шек" мөлшері – 4,37 миллион теңге, 40 жастағылар үшін – 5,79 миллион теңге, 50 жас – 7,43 миллион теңге, ал 59 жастан бастап – 9,12 миллион теңге болады.

Бұл өзгертулер ел арасында наразылық тудырып, зейнетақы қорындағы ақшаны алу шартын қиындатпауды талап еткен онлайн петицияға қол жинау да жүріп жатыр. 9 желтоқсан күнгі ақпарат бойынша, петицияға 54,5 мыңнан астам адам қол қойған.