Прямая трансляция

Астана

Астана

-4.03°C

Қорғаныс министрлігі кәсіпкерді тақырға отырғызып кеткен бе?

Бұл іске облыстық Кәсіпкерлер палатасы араласты.

Қорғаныс министрлігі кәсіпкерді тақырға отырғызып кеткен бе?
фото: ашық дереккөз

Өткен жылы Қорғаныс министрлігі мен "Миккон" жауапкершілігі шектеулі серіктестігі арасында Аягөз қаласындағы аудандық пайдалану бөліміне қақпалар қою туралы келісімшарт жасалған болатын. Павлодарлық жұмысшылар өз қызметін уақытылы атқарғанмен, оларға тиісті сома төленген жоқ деп хабарлайды Paryz.kz, inbusiness.kz-ке сілтеме жасап. 

"Миккон" ЖШС директоры Евгений Кузменьконың сөзінше, мемлекеттік конкурс екі рет ұйымдастырылған. Екінші рет жарияланған кезде павлодарлық компания жеңіске жетіп, бірден Аягөз қаласына барған. Алайда ол тұста аудандық бөлімде қақпалар орнату ісімен басқа компания айналысып жатқан көрінеді.

Келесі күні Аягөз аудандық пайдалану бөлімі келісімшартты өзгертіп, басқа жұмыс түрлерін жасау туралы техникалық хаттамаға қол қоюды ұсынды. Ақаулар туралы актіге сәйкес смета құрылды. Хаттама бойынша 125 млн теңгеге бағаланған жұмыстар басталды. Бөлім ерекше қорғалатын аймақ болғандықтан, біздің жұмысшылардың барлығына арнайы рұқсатқағаздар берілді. Бөлім басшылығына атқарылған жұмыстар туралы апта сайын есеп тапсырдық. 100-ден астам қымбат қақпа қойылды, – дейді кәсіпкер.

Арада үш ай өтіп, жұмыстың 85%-ы орындалған кезде бірінші нысан қолданысқа берілді. Бөлім бастығы атқарылған жұмыстар туралы акті, тапсыру-пайдалануға беру құжаттарына – бәріне қол қойды. Бірақ кейін қақпалар хаттама негізінде емес, қосымша жасалған келісімшарт бойынша орнатылуы керек екенін алға тартып, бұған дейінгі келісімді біржақты бұзады. Тіпті, жосықсыз мердігер ретінде сотқа беріп, келісімшарт сомасының 3%-ы көлемінде үстемақы төлеуді талап етті. Сот Қорғаныс министрлігінің әрекетін дұрыс деп санап, компанияның жұмыс істеуге еш құқығы болмаған деген шешім қабылдады.

Түптеп келгенде, біз үш ай бойы тегін жұмыс істеп, 125 млн теңгені министрлікке бере салғандай болып қалдық. Ең қиыны сол, тапсырыс берушінің немқұрайлығы салдарынан тиісті соманы ала алмадық. Қазір сол нысанға құрылыс материалдарын жеткізіп берген серіктестерге, қақпаларды қоюмен айналысқан 20 адамға қарызбыз. Іс жүзінде компаниямыз банкротқа ұшырады деуге болады, – дейді "Миккон" басшысы.

Бұл іске облыстық Кәсіпкерлер палатасы араласты. Палатаның бөлім басшысы Мүбәрак Жақыповтың сөзінше, кәсіпкерден шағым түскен соң бірден мемлекеттік аудит комитетіне тиісті хат жолданды.

Бұл органның жауабына байланысты одан кейінгі әрекеттер белгілі болады. Ал әзірше Қорғаныс министрлігі бұл даулы мәселеге қатысты ешқандай түсініктеме берген жоқ.