Прямая трансляция

Астана

Астана

-12.03°C

Алматы облысында субсидия алған кәсіпкерлерге қатысты дау шықты

Берілген қаражат көлемі – 2,8 млрд теңге. Бірақ инвестициялық жобаларды жүзеге асырған азық-түлік өндірушілер бұған келіспейді.

Алматы облысында субсидия алған кәсіпкерлерге қатысты дау шықты
фото: ашық дереккөз

15 кәсіпкер алған субсидиясын қайтаруға тиіс. Алматы облыстық Ауыл шаруашылығы басқармасы осындай талап қойып отыр. Ал субсидия алушылар бұл талапқа аң-таң деп хабарлайды Paryz.kz, "Хабар 24"-ке сілтеме жасап.

Берілген қаражат көлемі – 2,8 млрд теңге. Бірақ инвестициялық жобаларды жүзеге асырған азық-түлік өндірушілер бұған келіспейді. Мемлекеттік көмегін заңды түрде алдық дегенді алға тартады олар. Евгений Камбаров Талғар ауданындағы жеміс бағын ұлғайтып, 20 мың тонналық көкөніс қоймасын салған. Жобаны жүзеге асыруға 1 млрд теңге инвестиция жұмсапты. Шығынның бір бөлігін өтеу үшін мемлекет көмегіне жүгініп, 200 млн теңгеден аса субсидия алған.

Мемлекет алдындағы міндеттерімізді орындадық. Барлығы тексерілді. Субсидия қаржысы мақсатты түрде жұмсалды. Енді оны кері қайтару деген ақылға сыймайды. Ондай мүмкіндік те жоқ, - дейді кәсіпкер Евгений Қамбаров.

2018 бен 2020 жыл аралығында берілген субсидияның заңдылығын прокуратура тексерген. Соның нәтижесінде бірқатар кемшілікті анықтап, Ауыл шаруашылығы басқармасына ұсыныс хат жолдады.

Прокуратура ұсынымда көрсетілген 15 агро субект бойынша негізгі заң бұзушылығы қолда бар сараптамалар біріңғай жүйеде көрсетілмегені айтылды. Ұсынымды орындау мақсатында 15 агро субьектіге тиісті хабарлама жіберілген. Бүгінгі күнге Атамекен палатасы, прокуратура органдары мен инвесторлармен бірлесіп, әрбір мәселе бойынша талқылау жүргізілуде. Аталған субъектілер бойынша бүгін ертең субсидия қайтар деген сұрақ қоймаймыз, - дейді облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Бақтияр Шампиков.

Жұмыс тобы қалыптасқан жағдайды ретке келтірудің тиімді жолын қарастырып жатыр. Және субсидия алу тәртібі мен ережесін біріздендіру бойынша ұсыныс әзірлемек.

Өзіміздің ұсыныстарымызды жазып жатырмыз. Оның бәрі реттеліп болған соң Ауылшаруашылық министрлігіне жіберіледі. Және өзіміздің "Атамекен" Ұлттық кәсіпкерлер палатасы бар, сол арқылы біз мәселені көтеріп, ой-пікірлерімізді жазып реттеп жатырмыз, - дейді облыстық Кәсіпкерлер палатасының директоры Ләззат Шыңғысбаева.

Ауыл шаруашылығы өнімін өндірушілер мәселе оң шешімін табады деген сенімде. Әйтпесе, шаш-етектен шығынға батамыз деп отыр.