Прямая трансляция

Астана

Астана

-10.03°C

"Әкімдік үйімізді бұзбақшы": Шымкент тұрғындары шу шығарды

Әу баста ескертілсе, үйді әрірек салар едік дейді. 

"Әкімдік үйімізді бұзбақшы": Шымкент тұрғындары шу шығарды
фото: видеодан скриншот

Шымкент тұрғындары әкімдіктің бұйрығына қарсы шықты. Айтуларына қарағанда,  үйлерін әлдеқашан тұрғызып қойған тұрғындарға әкімдік он метр кейін шегіну керектігін ескертіпті. Бұған себеп – жаңа тротуар мен веложолдың салынуы деп хабарлайды Paryz.kz, 31 телеарнаның “Информбюро” жаңалықтар бағдарламасына сілтеме жасап. 

Шымкенттің "Тұран" шағын ауданындағы тұрғындар әкімдіктен келген үшбу хатты көре сала, жанымызды шүберекке түйгендей күй кешіп келеміз дейді. Айтуларынша, әкімдік жаңадан түскен бес көшеге билік веложолақ пен жаяу жүргінші жолын салып, бір бөлігін көгалдандырамыз деген. Ол үшін баспана сыртындағы көшеге дейінгі алты метрді қоспағанда, тұрғындардың үйінен он метр жер мемлекетке қажет болып шыға келген. Хабарлама ұстаған жұрт аң-таң. 

Бұл құр жер емес қой. Бұл жақта құрылыстар бар. Көлікжайлар бар. Үйлер бар. Дүкен мен басқа да нысандар бар. Шындап келгенде халық тамаққа ақша таппай жатыр. Құрылыс былай тұрсын, – дейді Шымкент қаласының тұрғыны Естияр Сейдакбеаров. 

Әсіресе, веложол үшін үйлері бұзылатындар қатты ашулы. Олар телімдерді әкімнің шешімімен алып, жер кадастры шекарасын сызып бергенін айтады. Әу баста ескертілсе, үйді әрірек салар едік дейді. 

Біздің үйіміз тұтастай бұзылайын деп тұр. Ол айтылмаған. Жақында ғана өзгеріс енгізіліпті. Мұның барлығын сәулет бөлімінен тексерттік, – дейді Шымкент қаласының тұрғыны Әлима Саблиева.

Құрылысты бастамас бұрын неге ескертілмеді дегендерге жауаптылар бұл аумақ Шымкентке Сайрам ауданынан кейін қосылды деді. Жерді бермеу қажеттілігі оларға ескертілсе де, 2011-2012 жылдары аудандағылар халыққа асығыс үлестіріп жіберген деп отыр. 

Көшелерге мынау жақын тұрған қосымша құрылыстар кетуі мүмкін. Мысалы, қоршаулардың орнына салынуы мүмкін. Бір жерде 100 шаршы метр, бір жерде 90 шаршы метр, шамамен сондай аумақта, көп кетіп жатқан жоқ. Себебі біз соны барынша қалдыруға тырысып жатырмыз, – дейді Шымкент қаласы Сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары басқармасының басшысы Нұрлан Архабаев.  

Басқарма басшысы "өтемақы аз беріледі екен" деген халықтың сөзі негізсіз деді. Бос жердің 1 жүздігіне нарық бағасы бойынша 800 мың теңге берілсе, құрылысы бар жер тиісінше өсетінін айтады. Ал тұрғындар қаржыдан бұрын, баспананың бұзылмағаны маңызды деп тарқасты.