Прямая трансляция

Астана

Астана

-12.03°C

Лотерея ұтысын жарнамалаған әншілердің үстінен адвокаттар шағымданып жатыр

Тағы бір адвокат Абзал Құспан бұл мәселеге қатысты өз пікірін білдірді.

Лотерея ұтысын жарнамалаған әншілердің үстінен адвокаттар шағымданып жатыр
Фото: дереккөз

Алматы қалалық адвокаттар алқасы өз әріптестерінің негізсіз сотталып жатқанын айтып, дабыл қақты. Бүгін 20-ға жуық қорғаушы, заңгерлер адвокат Тілеужан Кішкенебаевқа қысымды тоқтатуды талап етті. Белсенді топ өкілдері бұл істің артында белгілі әншілер, құқық қорғау органының қызметкерлері тұр деп есептейді. Себебі елдегі белгілі эстрада әншілері күмәнді лотерея ойындарын жарнамалап, пандемия кезінде халықты үгіттеген. Осы іс бойынша жәбірленушілерді қорғаған адвокат үшінші бір күштер өзіне қарсы әрекет жасап отыр деген пікірде.

"Былтыр пандемияға дейін бірқатар танымал әншілер Роза Әлқожа, Ақбота Керімбекова, Ернар Айдар, Жазира мен Жанболаттар лотерея ұйымдастырып және түрлі ойын ойната бастаған еді. Әншілер жарнама жасап, қаржы пирамидаларына ұқсас, күмәнді дүниелерге халықты легімен тарта бастаған. "Инвестиция құйсаңыздар, ақшаңызды еселеп қайтарып аласыздар. Мәселен, 300 мың салсаңыз, 450 мың қылып аласыз. Ал 6,5 салсаңыз, 13 милллион ұтып аласыз" деп алаяқтық іс жасаған. Соңында әншілердің жарнамасының кесірінен ұйымдастырушылар қарапайым халықты 200 миллион теңгеге сан соқтырды. Бұл істі қолға алған Тілеужан Кішкенебаев жәбірленуші тарапты қорғаған және әншілер мен ұйымдастырушы тараптың кінәлі екенін дәлелдеп, сотқа тартқан. Ең сорақысы сол, әншілер, ұйымдастырушылар, прокурор, судьялар бірігіп, адвокатқа қысым көрсетіп отыр. Ал осының бәріне қатысы бар ұйымдастырушы тарап әлі заң жүзінде жазаланбай, бостандықта жүр", - делінген хабарламада.

Адвокат Кішкенебаевтың өзі БАҚ өкілдеріне істің мән-жайын баяндап берді. Ол 2017 жылы кезекші адвокат ретінде белгісіз бір азаматты қорғағанын жоққа шығармайды. Яғни ішкі істер органының қызметкерлері оны тергеуге шақырып, ҚР ҚПК-нің 67-бабы негізінде адвокаты жоқ күдікті азаматты қорғауды сұраған.  

"Иә, 2017 жылы мен бұл іске қатысқан соң, ақы төлеу туралы қаулы негізінде ақша алдым. Бірақ ол жалған іс екені әшкере болып, 2018 жылы бұл іс бойынша кінәлі тұлға анықталып, яғни жедел уәкіл сотталып, жазасын алған болатын. Бірақ 2021 жылы бұл істі қайтадан жандандырып отыр. Мен лотерея ойнатып жүрген әншілерге қатысты істің тергелмей жатқанын айтып, бірнеше судья, прокурорлардың үстінен шағымданған болатынмын. Енді бұрынғы өтіп кеткен бір істен шикілік іздеп, менің үстімнен іс қозғатып отыр. Мен судьялардың өз деңгейінде қызметін атқармай жүргенін айтып, тәртіптік комиссияға шығарғанмын. Содан кейін сот қазыларына қатаң ескерту, сөгіс жарияланған болатын. Прокурорларға қатысты өз деңгейінде ісін атқармай жатыр деп, шағымданған кездерім болды. Оларға да жеке қаулылар шығарылған еді. Осы әрекеттерім үшін мен енді қысым көріп отырмын. Осыдан 4 жыл бұрын жабылып қалған істі қозғау арқылы менің адвокаттық қызметімді шектеуге әрекеттер жасалып жатыр", - дейді Тілеужан Кішкенебав.

Тағы бір адвокат Абзал Құспан бұл мәселеге қатысты өз пікірін білдірді. Ол - Кішкенебаевқа қарсы тараптың сенімді өкілі. Яғни әншілер Роза Әлқожа мен Ақбота Керімбековаға  заңгерлік ақыл-кеңесін беріп жүргенін айтады.

"Тілеужан Кішкенебаев 2017 жылы мемлекеттің қаражатына қол салған. Ол полиция қызметкерлерімен бірге жалған күдіктілерді тауып, оның сыртынан іс қозғап, соны жалған қорғап, сосын сотқа жолдамай, істі жабу тәсілімен жұмыс істеген. Сол үшін бюджеттен 32 мың теңге алған. Бұл ішкі істер органдары қызметкерлерінің статистикалық көрсеткіші үшін жасалған болуы керек. Адвокаттың сыбайластырының біреуі 2018 жылы сотталады. Тағы бір полция өкілі мен Тілеужан Кішкенебаевқа биыл наурызда Алатау аудандық соты үкім шығарып, айыппұл салған. Онымен қоса, адвокаттық қызметіне шектеу қойған", - дейді Абзал Құспан.

Бірақ өзіне қысым көрсетіліп отыр деген қорғаушы:

"Қылмыстық-процессуалдық кодекстің 210-бабы бойынша, күдіктінің жеке басын тек тергеуші ғана анықтайды. Сондықтан мен өз жұмысымды өз деңгейінде атқардым, өзіме тиеселі 30 мың теңге жалақымды алдым. Мені биыл тергеушілер алдап шақырып алып, тергеуге тартып, өзімді "Алаяқтық" бабы бойынша негізсіз кінәлап отыр. Ал сол іске менің қатысым болса, құқыққорғау қызметі 4 жыл қайда қалған?" - дейді.

Адвокат Абзал Құспан әріптесінің өзі шатасып отыр деп санайды. Бұл жерде қос әнші ұтысты ұйымдастырушылармен келісімшарт негізінде көлік және пәтер ойнатуды жарнамлағаны рас. Олар инстаграм парақшаларында пост жазып, тиісті қаражаттарын алған. Тиісінше ұтыс ойынының нәтижесінде қатысушылар көлікті де, пәтерді де алған. Яғни иелерін тапқан. Осымен бұл іс бітті. Әншілерге ешқандай шағым жоқ дейді белгілі адвокат.  

"Екі ай болды осы адвокат Роза Әлқожа, Ақбота Керімбекова және Жанболат пен Жазираның атын атап, қылмысқа қатысы бар деп, өзі алаяқтық бабы бойынша істі болып отырғанына осы әншілерді кінәлап қояр емес. Бүгінгі баспасөз мәслихатында не айтқанын білмеймін, Роза мен Ақботаның сенімді өкілі ретінде істі қолға алдым. Бұл екі әншінің үстінен ешқандай қылмыстық іс қозғалмаған.

Алайда ұйымдастырушылар - Алмас, Мәди деген жігіттер инвестицияға ақша салыңдар деп елді үгіттеп, басқа шаруамен айналысып кеткен. Олардың әрекеті әшкере болып, қылмыстық іс қозғалады. Ал адвокат Тілеужан Кішкенебаевқа осы әрекеттен жапа шеккен азаматтар хабарласып, қорғауды сұраған болуы керек.  Сондықтан әншілердің екінші іске қатысы жоқтығы белгілі болды. Олардың куәгер ретінде тартылғаны рас.  Бірақ Тілеужан деген әріптесіміз бірнеше ай болды, оларды негізсіз айыптап, қоғамды дүрліктіруін тоқтатар емес", - деді Абзал Құспан.

"Біз бұл мәселені айтпай-ақ қояйық деп едік, өздері БАҚ беттерінде, әлеуметтік желіде резонанс жасап жатыр. Енді біз де Тілеужанды сотқа беруге дайындалып жатырмыз. Шындыққа сәйкес келмейтін ақпарат таратқаны үшін жауапқа тартатын боламыз", - деді жоғарыда аты аталған әншілердің сенімді өкілі.

Жалпы ҚР Конституциясының 13-бабында мемлекет адамдардың құқықтарын қорғауды тегін қамтамасыз етеді деп көрсетілген. Қорғаушылар ҚР ҚПК-нің 67-бабы бойынша қылмыстық істерге барып, адвокаты жоқ азаматтарға мемлекет кепілдік берген заң көмегін көрсетуге міндетті. Ал адвокаттық қызмет көрсеттім, бірақ заң талаптарын бұзбадым деген Тілеужан Кішкенебаев Алматы қалалық сотына аппеляциялық шағым түсірген.

Дереккөз: azattyq-ruhy.kz