Прямая трансляция

Астана

Астана

-16.03°C

«Соқыр, керең болыппын»: Қайрат Нұртастың әйелі үй алып, алаяққа алданар кезде күйеуін тыңдамағанын айтты

Әнші Қайрат Нұртастың әйелі, актриса Жұлдыз Әбдікәрімова үй алып, алаяққа ұрынар кезде күйеуін тыңдамағанын айтты, деп хабарлайды paryz.kz Azattyq Rýhy-на сілтеме жасап.

«Соқыр, керең болыппын»: Қайрат Нұртастың әйелі үй алып, алаяққа алданар кезде күйеуін тыңдамағанын айтты
фото: видеодан скриншот

Танымал тележүргізуші Динара Сәтжанға берген сұхбатында жер үй алу мәселесі карантин уақытында көтерілгенін айтты.

«Дилярамен аса дос болған жоқпыз. Бірақ ол өзі мені тартатын. Туған күндеріне шақыратын. Ол мені өзінің үйіне кіріп, заттарын бергісі келіп тұратын. Бірақ мен ондайды ұнатпаймын. Біреудің жеке шекарасына өткенді жақсы көрмеймін. Керісінше, ол бос болсаң мені үйіме жеткізіп салшы, үйге кіре салшы дейтін. Бір рет кіргенім бар, анасымен амандасып шығайын, үлкен кісі ғой деп. Бірақ екеуіміз аса бір жақын болған құрбылар емеспіз. Бірақ іші-бауырыма кіріп алғаны өтірік емес. Оның бір сондай «дарыны» бар ма, білмедім», - дейді Қайрат Нұртастың жұбайы.

Жұлдыз Әбдікәрімова өзінен бөлек Дилярадан тағы бірнеше адам зардап шегіп отырғанын қозғап өтті.

«Менен басқа тағы бес адам алданған. Бас-аяғы біз – алты жәбірленушіміз. Бұл енді топтық арыз. Олардың ішінде менің жағдайыма ұқсас үш адам бар. Қалғандарында ақша проблемасы. Мен сияқты жүргендердің жерлері – агронесиелік корпорацияда кепілде тұр. Олардан қалай алдандыңыздар деп сұрасам, «білмейміз, басымыз айналып қалды» дейді. Былай қарасақ, олар кәсіпте жүрген үлкен кісілер», - дейді ол.

Сөзін жалғай отырып, осы мәселеде күйеуі Қайрат Нұртаспен ақылдасқанын да ерекше айтып өтті.

 «Карантин (ред. – COVID-19) уақытында балаларымыз әлі кішкентай болатын. Көпқабатты үй болған соң емін-еркін сыртқа шыға алмай қалдық. Сол кезде дастархан басында жер үй алу мәселесін талқыладық. Не дегенмен, заңды тұрғыда үй сатып алу немесе сатар кезде жұбайы келісім беруі керек. Үйді өзім таңдап, өзім аламын деген жоқпын. Қайратпен ақылдастым. Ол үй әуежайға жақын болатын. Ұшақпен жиі ұшқандықтан бұл біз үшін маңызды еді», - дейді актриса.

Сөзін жалғай отырып, келісімшарт жасалмаған соң Қайраттың күдігі болғанын тілге тиек етті.

«Бұл жерде бірнәрсе таза емес деп Қайраттың күдігі болды. Оның ішкі түйсігі маған қарағанда жақсырақ дамыған. Бұл 2022 жылдың аяғы болатын. Әйел адам болған соң «қойшы» дей салдым. Кейін талдау жасап, ойланып қарасам айналамдағы құрбыларым да ескерткен екен. Мен соқыр, керең болыппын», - дейді Жұлдыз Әбдікәрімова.