Қазақстандық әнші Димаш Құдайберген 26 шілдеде «Singer 2024» ән байқауының ақтық бәсекесі кезінде айтқан сөзі қытайлық көрермендер арасында үлкен дауға ұласты, деп хабарлайды Kazinform.
Финалдық бәсекенің екінші кезеңінде, Димаш канадалық танымал әнші Фаузияға сыбырлап сөйлеген сөзі тікелей эфирде көрермендерге естіліп қалған. Димаш Канадалық әншіге «Олардың айтуынша, Сенің алдыңда қытай әншісі болуы керек (They said, It must be Chinese before you)» деген. Ал Фаузия оған «жақсы, мәселе жоқ» деп жауап берген.
Байқау қорытындысы бойынша, Фаузия жеңімпаздар қатарынан көріне алмай, қытайлық әнші На Ин жеңімпаз атанып, Таң Вэйвэй және Сун Нан үздік үштіктен көрінді.
Осылайша, қытайлық телекөрермендер және әлеуметтік желі пайдаланушылары «Singer» шоуының шынайылығына күдіктеніп, жобаны ұйымдастырушыларға наразылық білдірді.
Артынша, Димаш Құдайберген weibo парақшасында түсініктеме беріп, Фаузия онымен бірге өнер көрсетуді сұрағанын, ал ұйымдастырушылар оған қытай әншісі болуы керек (Must be a Chinese singer «for» you) деп айтқанын жеткізді.
Айта кетейік, Димаш араға 7 жыл салып «Singer 2024» ән байқауының сахнасына оралып, ақтық бәсекенің алғашқы кезеңінде құрметті қонақ ретінде америкалық танымал әнші Шанте Торрейн Мурмен бірге өнер көрсетіп, Lose Control әнін шырқады. Сондай-ақ, Шанте Мурдың финалдық бәсекенің екінші кезеңіне өтпей қалуы қытайлық әлеуметтік желіде жанкүйерлердің наразылығына ұшыраған болатын.