Айтыскер ақын Айшолпан Тілеутай желідегі парақшасында аз уақыт ішінде 40 келі салмақ тастағанын айтты, деп жазады Paryz.kz.
Айтуынша, басында салмағы 135 келі болған. Айтыскер ота жасалған сәтте қолдау білдірген Айнұр Тұрсынбаеваға алғысын білдіріп, туған күнімен құттықтады.
«Бұл сурет 135 келі кезім, сөге жамандамаңыздар. Бүгін – айтыстың аққуы, қазақтың бағына туған қызы, өмірі өнеге мен ғибратқа толы Айнұр Тұрсынбаева әпкемнің туған күні! Апатайыма деген құрметім шексіз! Әпкелік қамқорлығын көрсетіп, «Айшолпан қыз, сенің қолыңнан бәрі келеді» деп, биыл менің Ыстамбұлға барып, ота жасауыма да себепкер болған Айнұр апам еді. Отадан соң жанымда болып, психологиялық көмек берді, үйіне алып кетіп, бар жағдайымды жасады. Осы күнге дейін қандай жағдай болмасын, мен туралы сыртымнан кім не айтса да, үнемі мені қолдап, қорғап жүретін апам. Апамның жақсылығын, қамқорлығын жазсам таңды таңға соғар әңгіме бар! Бар болғаныңыз үшін де мың алғыс, басыңыздан бақ пен құт кетпесін. Айтыс - қылдан жіңішке, қылыштан өткір өте нәзік өнер. Сол өнерде алдымызда жол көрсетуші әпкеміз өзіңіз болдыңыз! Сізге еліктеп өстік, сізді тыңдап өстік! Үлгісіз! Ерекшесіз! Бөлексіз! Туған күніңізбен, апатай! Сөзді кие тұтып, оның құдіретіне бас иген халқыңызға еркелеп жүре беріңіз! 100 жасаңыз!» - деп жазды.
Ол айтыскер ақын Айнұр Тұрсынбаеваға жазған хатында қазіргі салмағы 94 келі екенін, 40 келі салмақ тастағанын жеткізген.