Прямая трансляция

Астана

Астана

-9.03°C

«Әкешім, әкетай, анашыма қайтып үйленіңізші». Әбілмансұр Серіков алғашқы некесінен туған екі ұлы жайлы

Танымал актер Әбілмансұр Серіков "Urpaq" подкастына берген сұхбатында алғашқы некесінен туған екі ұлы туралы айтты, деп хабарлады Paryz.kz. 

«Әкешім, әкетай, анашыма қайтып үйленіңізші». Әбілмансұр Серіков алғашқы некесінен туған екі ұлы жайлы
Видеодан кадр: Youtube/Dina Tolepbergen

Алғашқы некемнен екі ұлым бар. Тұңғышым туылған кезде мен Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ Мемлекеттік Академиялық балалар мен жасөспірімдер театрында жұмыс істейтін едім. Желтоқсан айы Жаңа жыл қарсаңы еді, театрда жаңа жылдық шыршаға қойылым қоятынбыз. Күніне 6-8 рет ойнайтынбыз. Кезек бойынша үшінші қойылым кезінде балам дүниеге келді, ал мен сахнағада тышқанды салып жүрмін. Сүйінбай деген бауырым бар, сол кісіні бас-көз бол деп жіберген едім. Қойылым барысында досым қоңырау шалып, сүйінші сұрады. 

Ал екінші ұлым дүниеге келетін кезде мен Астанада болдым, әйелім Алматыда босанды", - деді актер. 

Өнер иесінің айтуынша, әйелімен ажырасқаннан кейін ұлдары қиналып қалған. 

"Бірінші әйеліммен ажырасқаннан кейін ұлдарым ананың да, әкенің де махаббатын сезінуі үшін қолымнан келетін барлық амалды жасап жатырмын. Тек менің қатты қынжылатын нәрсем, мен ұлдарыммен бірге тұрмаймын, бірге тамақтанып, ұйықтамаймын, сондықтан кезінде өзім әкемнен сұраған нәрсені балаларыма бере алмай жатырмын. Ол әкелік махаббат, әкелік мейірім. Тіпті олар Алматыға келген кездерінде де жандарында көп уақыт бола алмай қаламын, түсірілімде жүремін деген сияқты. Алғашында әйеліммен ажырасқан кезде тұңғышым қиналып кетті, анасының көңілін қимайды, әкесінің көңілін қимайды, екі ортада бала қиналады. Әкесінің көңілін қимай, анасына өтірік айтады, анасының көңілін қимай, әкесіне өтірік айтады. Содан мен оған "Балам, басыңды кесіп алса да, ешқашан өтірік айтпа. Кейін ешкім сыйламайды, арласпайды, "өтірікші" деп айтады" деп айттым. Осындай сөздеріммен қолымнан келгенше тәрбиелеуге тырысамын. Бірақ, бір күні балам "әкешім, әкетай, анашыма қайтып үйленіңізші" деді. Ауыр болды, жүрегім тоқтап қала жаздады, көзімнен жасым бұрқ ете қалды. Ұлым олай айтады деп күткен жоқпын. Не деп жауап қайтарарымды білмей, үнсіз қала бердім", - деді ол.