Әнші, актриса Жанар Айжанова ажырасудың көбейгенін жастардың қазақы тәрбие көрмегендігімен байланыстырды.
Әнші Adal Adam youtube арнасына берген сұхбатында ажырасуға себеп болатын мәселелер бүгін басталған әңгіме еместігін алға тартты.
«60-шы жылдардың аяғында басталған дүние деп ойлаймын. Үйдегі ескі альбомдарды ашып қарасаңыздар, қыздар сыпыра шашын қия бастады. Қазір қысқа көйлек киіп жүрсе, «Мынаның әке-шешесі қайда қарап отыр» деп айтамыз. Сол 60-70 жылдарындағы өз апай-женгелеріміздің киген киімдеріне қарасақ, көйлегі тізеден жоғары. Ол да сол кезде бізге жасалған шабуыл ғой. Сонда ер менен әйел адамды теңестіреміз деді. Сол кезде бір ғана баланы туып қалу деген мода болды. Көп бала керегі жоқ. Мынау сол кездегі нәрсенің нәтижесі ғой», ‒ деді Жанар Айжанова.
Жастардың ажырасып кетуіне отбасында дәстүрлі тәрбие алмағандығы да себеп болады. Жанар Айжанованың сөзінше, қалада өскен аға-жеңгелеріміз қазақы мектебімізден ажырап қалды. Ал жас буын баяғы салт-дәстүрге көне қоймайды.
«Олар төпелеп жасамаған нәрсені жасағысы келеді. Айтайын дегенім, ененің, әженің мектебін жоғалтып алдық, бірақ орнына келтіруге болады. Өз үйін, отбасын тастап басқа үйге барған қызға ана үйдің салт-дәстүрі, заңы тұрпайы болып көрінеді. Оған үйрену үшін жоқ дегенде екі-үш жыл уақыт керек. Сол кезде екі жақтан шыдамсыздық басталады. Бізде көбіне қыз ана үйге аттап барғаннан кейін келіннен гөрі ер баланы өзінің бауырына тартып, шешесі баласыменен одақ құрып алады. Ер бала мықты болу керек, себебі онын о дүниеде де, бұл дүниеде де сұралатын нәрсесі көп. Сөйтіп екеуі қосылып алып, келінге жамандық ұйымдастырмаса да, ым-жымы бір, ана жақтан қызды шешесі төпелеп жатады, сөйтіп түсініспеушілік басталады», ‒ дейді Жанар Айжанова.
Сонымен қатар, әншінің сөзінше, жас отбасы мықты болу үшін ер азаматты еркек қылып тәрбиелеу керек.
«Бір нәрсе болса мамасына барып арыз айтады. Көп жағдайда менің көріп жүргенім сол. Қанша жерден екі жақтың әке-шешесі онбаған болып қырқысып жатса да, ер азамат мынау менің қалап алған әйелім, менің отбасыма кіріспеңдер деп тоқпақтап айтса, оған ешкім де араласа алмайды. Тәрбие отбасынан ғой. Біз өзіміздің эгомыздан аса алмай қалып, екі жақ бармағын тістейді. Кімнің несі кетеді? Соның ортасында олар бір-екі балалы болады. Тірі жетім қалып жатқан біздің балалар. Қисайып жатқан біздің қазақ. Өзімізді-өзіміз әке-көке деп, барымызды асырып, қадірімізді білмесек, сырттан келіп басқа ұлт бізге көмек көрсетпейді. Бұл қазіргі қоғамның трагедиясы», ‒ дейді өнер иесі.