Эстрада әншісі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Қарақат Әбілдина өзге ұлтқа үйленуге, тұрмысқа шығуға қатысты ойын айтты, деп хабарлайды paryz.kz. BAQ.kz сайтына сілтеме жасап.
Қарақат Әбілдинаның сөзінше, бұл ол үшін өте қиын сұрақтардың бірі. Себебі сезіммен санаспауға тағы болмайды.
Көп оқырман "аралас неке, өзге ұлтқа үйлену, тұрмысқа шығу дегенге көзқарасыңыз қалай? деп сұрайды. Мен үшін өте қиын сұрақ. " Махаббат дейміз… Жүрекке әмір жүрмейді" деп жатады. Сіз, мен, біз айтқанда одан біреу тоса ма? Тосыла ма? Жоқ. "Қалай болғанда да әр адамның өз өмірі, қалауы, таңдауы" дейміз де, қала береміз. Сезіммен санаспауға тағы болмайды.
Әнші соңғы жылдары өзге ұлтпен бас қосып жатқан жастар көп екенін айтты. Ол балаларының бәрі өз ұлтымыздан, қаны таза, сүйегі текті, таза қазақтан алса екен деп тілейтінін жасырмады.
Қаншама қызды ұзатып, тойларында жүрміз. Әсіресе соңғы жылдары өзге ұлтпен бас қосып жатқан жастар көп. Әрине, қимайсың. Қан таза болса екен дейсің. Ұл мен қыз өсіріп отырған соң алдыңды кесіп, асылық айтып, асыра сілтеуге де қорқасың. Бірақ маған салса, балаларымның бәрі өз ұлтымыздан, қаны таза, сүйегі текті, таза қазақтан алса екен, барса екен деймін. Солай тілеймін. Қыздың өзге ұлтты таңдап, тосылмай кете барғанына бір өзі, не ата-анасы ғана емес, бүкіл ұлт кінәліміз ау… Енді мұны тарқатып айтсаң кете береді, - деп түйіндеді Әбілдина.