Прямая трансляция

Астана

Астана

-8.03°C

«Битке өкпелеп, тоныңды отқа жақпа». Әнші Елена Әбдіхалықова Әли Оқаповқа қолдау білдірді

Әнші, музыкант Әли Оқаповқа мемлекеттік «Құрмет» ордені берілгелі әлеуметтік желіде қызу талқыланып жатыр. Пікір білдірушілердің кейбірі мұндай атаққа жас әншінің лайық еместігін жазуда.

«Битке өкпелеп, тоныңды отқа жақпа». Әнші Елена Әбдіхалықова Әли Оқаповқа қолдау білдірді
Коллаж: BAQ.KZ

Алайда, Әлиді қолдап жатқандар да аз емес. Солардың бірі белгілі ақын, сазгер, әнші Елена Әбдіхалықова «еңбектің бағалануы үшін өнер адамына 70-80 жасқа келу шарт емес» деген пікір білдірді.

Битке өкпелеп, тоныңды отқа жақпа, Әли! Сен Тасқын аға секілді тамаша музыкант-композитор мен Роза Қуанышқызы секілді керемет әншіден туған асыл перзентсің! Өзің де талантты музыкант, композиторсың. Берілген орден өзіңнің еңбегің, халыққа еткен қызметің. Елімізде сендей болсам деп армандайтын көптеген жастар өсіп келе жатыр. Тіпті, өзіңмен қатар бір сахнада жүргендер де музыканы сендей терең білсек деп армандайды. Еткен еңбектің бағалануы үшін өнер адамына 70-80 жасқа келу шарт емес. Аға-апаларым өкпелемесін, атқарған ештеңесі болмаса да, жасының ұлғайғанын "міндет" қылып, атақ дәмететіндер де жетерлік, - деп жазды ақын, сазгер Елена Әбдіхалықова.

Сондай-ақ ол өз еңбегіңнен бас тартпауға болмайтынын және халықтың артық-кем сөзін де көтере білу керек екенін айтты.

Қазақ "қолда өскен арғымақтың құлын аты қалмайды " дейді. Сені әлі баласынып, халықтың айтқан әрқилы пікірі осыған сайса керек. Бірақ, сен марқұм Тасқын ағамыздың лайықты ізбасары, Роза Қуанышқызының папаң өмірден ерте кеткенде, сүйеу болған аяулы перзентісің, талантты, кәсіби білімі жоғары, жастардың сүйікті әншісі, еліміздің бір дарынды азаматысың! Айналайын! Сенің осы ерекшелігіңді танып, бағалаған биліктегі азаматтарға да мың рахмет! Өз еңбегіңнен бас тартпа! Тақ кеудеңе! Қандай марапатқа да лайықсың! Еліңнің артық-кем сөзіне өкпелеме! Өнер адамының бір міндеті-халықтың артық-кем сөзін де көтере білуі керек! Өнерің өрлей берсін! Аман жүр, - деді әнші Елена Әбдіхалықова.

Айта кетейік, мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Республика күні қарсаңында бір топ азаматқа мемлекеттік наградалар мен сыйлықтар тапсырды. Марапатталғандар арасында әнші Роза Рымбаеваның ұлыс Әли Оқапов та болды. Белгілі музыкант өзінің қуанышымен әлеуметтік желіде бөлісіп, осы атаққа лайық еңбек етуге барын салатынын айтты.

Алайда әншінің әлеуметтік желісі негативті комментарийлерге толып кетті. Юзерлердің басым бөлігі әнші аталған атаққа лайық емес екенін жазып өтті.

Халықтан мұндай пікір күтпеген әнші әлеуметтік желідегі парақшасында видео жариялап, "Құрмет" орденінен бас тартатынын айтты.