Прямая трансляция

Астана

Астана

-11.03°C

«Бақытты балалық шақ болмады»: 3 жасында анасынан айырылған Майра Ілиясова жан сырын ақтарды (видео)

Қазақстанға еңбегі сіңген әртіс, танымал қазақстандық әнші Майра Ілиясова балалық шағын еске алып, анасынан үш жасында айырылғанын айтып берді. Өнер иесі "Ұйқым келмейді" бағдарламасында әкесінің де өмірден ерте озғанын баяндап, жан сырын ақтарды, деп жазады Paryz.kz nur.kz-ке сілтеме жасап.

«Бақытты балалық шақ болмады»: 3 жасында анасынан айырылған Майра Ілиясова жан сырын ақтарды (видео)
Фото: видеодан скриншот

"Өкінішке орай, бақытты балалық шақ мүлде болмады. Өйткені, ең алдымен баланың анасы болуы керек. Анам 37 жасында дүниеден озды. Мен үш жасымда анасыз қалдым. Төрт қызбыз, үлкен әпкем - 14 жаста. Әкем жылқы бағады. Ол кісі де сыртта. Ерте кетеді, кеш келеді. Сол кезде үлкен әпкем мектепке барып жүрген. Мен - үш жастамын.

Қатарлас әпкем - бес жаста. Үлкен әпкем мектептен келсе, қатарлас әпкем екеуіміз далада ұйықтап қалыппыз. Күн ыстық, ойнап жүріп ұйықтап қалғанбыз. Бізді үйге кіргізіп, тамақ беретін адам жоқ. Содан үлкен әпкем кешке келіп, әкеме "Мен енді мектепке бармаймын" депті. Әкем шошып кетіп, "Неге бармайсың" дейді. "Мен келсем, осы екеуі далада ұйықтап қалыпты. Қарны ашқан. Беттері сатпақ-сатпақ, топырақ" дейді. Сол күннен бастап ол кісі мектепке бармай, бізге ана орнына ана болып, қарады. Мен үш әпкемнің арқасында қиындық көрмедім. Бірақ ананың орны білініп тұрады.

Әкеміз мен 7-сынып оқитын кезімде қайтыс болды. Сол күйі үйленбеді. Ауылда достары үйлен деп айтқанда, "Менің төрт қызым бар. Өгей шеше өгейлігін жасаса, балаларым жасық боп өседі" деп өзі баққан", - деді Майра Ілиясова.

Сонымен қатар Майра Ілиясова қазір үлкен әпкесінің 75 жасқа келгенін де атап өтті.

"Қазір үлкен әпкем - 75 жаста. Біз ол кісіні алақанымызға саламыз. Көрмеген қызығының бәрін көрсетуге тырысамыз", - деді Майра Ілиясова.