Желіде танымал әнші Қайрат Нұртастың Талдықорған қалалық алаңына мерседеспен кірген сәті түсірілген видео тарады, деп хабарлайды Paryz.kz ақпарат агенттігі Sputnik.kz-ке сілтеме жасап.
Орталық алаңда көлік қозғалысына тыйым салынған деген белгі тұр. Алайда соған қарамастан Қайрат Нұртас мінген иномарка сол алаңмен жүрген. Видеоны да көліктің артқы орындығында бетпердемен отырған әншінің өзі түсірген.
Желіде таралған видео қала тұрғындарының ашуын туғызды. Полиция құқықбұзушыны тауып, әкімшілік жазаға тартты.
"Іздестіру шаралары барысында Mercedes-Benz-дің 45 жастағы жүргізушісі Алматы қаласы аумағында ұсталды. Оған қатысты Әкімшілік құқықбұзушылық кодексінің 601-бабы (Жол белгілерімен көрсетілген талаптарды сақтамау) бойынша хаттама толтырылды", - деп мәлімдеді Жетісу облысы полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Полицейлер тұрғындарға белсенді азаматтық ұстанымы үшін алғыс айтты.