Алдағы уақытта Мәдина Сәдуақасова отандық жазушылардың қатарын толықтырмақ. Эстрада жұлдызы өмір мен өнер жолындағы көрген-білгенін кітап бетіне түсіретінін жеткізді, деп хабарлайды paryz.kz ақпарат агенттігі Экспресс K сайтына сілтеме жасап.
Мәдинаның айтуынша, өнер жолы оңай емес. Ол өзінің авторлық еңбегін 1996 жылы кәсіби сахнадағы алғашқы қадамынан бастамақ екен.
Мен келген кезде бұл "өнер" деп аталатын. Содан кейін 2000-шы жылы ақырындап шоу-бизнеске айналды. Қазір мүлдем басқаша. Мен сол кезеңнің барлығын қарап отырмын да, қазір соның ішінде қайнап жүрмін. Сондықтан кітап сол кезеңдерге байланысты болады, — деді Мәдина.
Сәдуақасованың авторлық кітабы естелікке толы толы болмақ. Ол сахна сыртындағы қызықты оқиғалар мен кезінде атағы аспандаған танымал жұлдыздардың көпшілікке беймәлім құпияларын көпшілікке жария етпек.
Көптеген әншілер сол кезден бастап дүркіреді, кейін сөніп, жоқ болып кетті. Қазір олар қайда? Кезінде жұлдызы жарқырағанда қандай болды? Менімен қарым-қатынасы қандай? Қазір көбісі дүниеден озды, әсіресе үлкен кісілер. Негізі менің айтарым өте көп, — дейді Сәдуақасова "Түнгі студия" бағдарламасында.
Мәдина дәл қазір өткен-кеткенді еске алып, кітапқа енетін оқиғаларды топтастыру үстінде. Сондай-ақ өнер иесі бұл автобиографиялық еңбегін 10 жылдан кейін қолға алып, көпшіліктің алдында тұсауын кесуге ниетті.