Прямая трансляция

Астана

Астана

-13.03°C

Мейрамбек Бесбаев жас жігіттің қабағын жарған Төреғалиға араша түсті

Соңғы аптада Төреғали Төреәліге қатысты дауға нүкте қойылмай тұр. Көлсайда жас жігітке жұдырық жұмсаған атышулы әншінің әрекетіне қатысты Мейрамбек Бесбаев алғаш рет пікір білдірді, деп хабарлайды paryz.kz ақпараттық агенттігі Экспресс сайтына сілтеме жасап. 

Мейрамбек Бесбаев жас жігіттің қабағын жарған Төреғалиға араша түсті
фото: әлеуметтік желіден

Төреғалидың тентек қылығына халық қатты ашуланса, оның өнердегі әріптестері керісінше әншіні ел алдында ақтап алудың қамына кіріскен. Мәселен, Мейрамбек Бесбаев жас жігіттің қабағын жарып, маңдайынан қанын сорғалатқан Төреш туралы әлеуметтік желіде көлемді жазбасын жариялапты.

"Төреғалидың бүгінгі жағдайын ойласам: "Қолымда бір қамшым бар сәліңгірдей, Атандым елге тентек кәдімгідей. Бір тентек ел ішінде жүрмей ме екен, Соңыма неге түстің бәрің бірдей?" — деген Аманғали серінің өлең жолдары еріксіз еске түсе береді. Төреғали інімнің басы дауға іліккелі әркім жағдайды сан-саққа жүгіртіп жатыр. Көре алмайтындар "сауап болды" деп күндесе, жақсы білетіндер "жаңылғаны шығар" деп демеу болуда. Бас жарылып, көз шыққан дәнеңе жоқ. "Ер шекіспей, бекіспейді" деген де бар бұл қазақта. Екі жігіт шекісіп қалып, енді қол алысып, құшақтасып жатса, достыққа қарай қадам басса, бұл бәріміздің ұтқанымыз емес пе?! Шекіскен екі жақ бітімге келіпті. Оған құқық қорғау органдары да қарсы болмас деп ойлаймын", — деді Мейрамбек.

Сондай-ақ Төреғалиға араша түскен Бесбаев желідегі жұртты сабырға шақырып, елді шулатқан дауды тоқтату керектігін айтыпты.

"Өз балаларыңды өзегінен тебем десеңіздер еріктеріңіз білсін. Төлеген Айбергеновтің "Қисықтығын өзгенің түзу тұрып дәлелде" деген жолдарын еске алсақ, ең әуелі бәріміздің бойымызда бар өз мінімізден ұялар едік. Төреш өз мінезін игере алмапты, дұрыс емес. Бірақ кім бізге өз жақсысын әкеп береді дейсіз?! Жігітке тән шалт мінез, жасындай жарқ еткен эмоциямен екі азамат бірін бірі ренжіткені рас. Дегенмен, арты жақсылықпен аяқталып отыр. Бұл да мәмілеге асығатын, жау болғанша бауыр болуға ұмтылатын өзіміздің қазақи болмысымыз емес пе?! Енді біз де елдігімізге жараспайтын ұсақ-түйек өсекті тоқтатып, керісінше ел іші даудан, сырты жаудан аман болсын деп тілейік", — деп сөзін түйіндеді Бесбаев.

Мейрамбек Бесбаев өнердегі інісі жайлы жазбасының бірден қызу талқыға түсетінін түсінсе керек, постқа жазылатын пікірлерге шектеу режимін қойып тастаған. Яғни оған оқырмандары ештеңе жаза алмайды.