Прямая трансляция

Астана

Астана

-18.03°C

«Ақшаның артынан қуып кетіпсіз!»: Нұрлан Қоянбаев өзін сынағандарға жауап берді

Танымал актер әрі кинопродюсер Нұрлан Қоянбаев жастарды қолдай бастады. Ол "Қазақша бизнес Түркияда" және "I go to school" фильмдерін жас мамандардың онлайн кинотеатрына берді. Фильмнен түскен қаражат отандық стартапты қолдауға жұмсалмақ, деп хабарлайды paryz.kz ақпарат агенттігі.

«Ақшаның артынан қуып кетіпсіз!»: Нұрлан Қоянбаев өзін сынағандарға жауап берді
фото: tengrinews

Алайда продюсердің бұл шешімі кей көрермендерге ұнамай қалды. Олар фильмдердің тегін көрсетілімге шығуын күтуде.

"Неге ақылы, Нұрлан? Мысалы, ақшасы жоқтар көре алмай ма? Біз сізді адамгершілігі бар, президент болатын адам деп жүрміз ғой. Сөйтсек ақшаның артынан қуалап кетіпсіз. Халықты неге ойламасқа? Youtube-қа шығарсаңыз неңіз кетеді, білесіз қаншама халық күтіп отырғанын", - деп пікір білдірді желі қолданушыларының бірі.

Оған продюсер өз жауабын берді.

"Бұл қазақстандық онлайн кинотеатр дамысын деген ниетпен ашылған. Егер құны болмаса, индустрия дамымайды. Өзге тілді кинолардың дәуірін тоқтату керек. Көрші елдің онлайн "megogo", "ivi" тағы басқа дүниелері бізді жаулап алды. Соларға қарсы жасап жатқан кішкентай әрекетіміз. Оларға ұтылатынымыз анық. Өйткені олардың қаражаттары, кинолары өте көп. Қатты уайымдамаңыз, сіз сияқты көрермені барда, қазақтың онлайн кинотеатры жақында қолдау таппай, өліп, жабылып қалады. Сосын қайтадан тегін YouTube-қа шығады", - дейді Қоянбаев.

Айта кетейік, қазіргі уақытта Қоянбаев "Қазақша бизнес" комедиясының кезекті бөлімін Үндістанда түсіруде.