Әлия Телебарисова басынан өткерген қиындықтарын еске алды. Актриса осы күнге дейін жүріп өткен жолы мен қазіргі жұмысы, жастай жесір қалуы туралы әңгімеледі, деп хабарлайды paryz.kz Stan.kz-ке сілтеме жасап.
Көпшілікке "Жаужүрек мың бала", "Ағайындылар" фильмдері арқылы танылған Әлия 21 жасында Азамат есімді кәсіпкер жігітке тұрмысқа шықты. Айтуынша, "өмірлік махаббатымен Америкаға оқуға кетпес бұрын танысқан". Екеуі бірнеше жылдық қарым-қатынастан кейін, отбасын құруға бел буады. 2014 жылы отау құрған Азамат пен Әлияның шаңырағында екі бұрымды қыз дүниеге келеді. Екеуінің бақытты ғұмырын Азаматтың қатерлі дерті бұзды. 2020 жылы Әлияның күйеуі аурудан көз жұмды. Актриса жұбайының жақсы адам, адал жар, үлгі тұтарлық әке болғанын айтады.
"Өмір" деген қызық нәрсе. 27 жасымда жесір қаламын деп ешқашан ойламаппын. Әлі күнге дейін ол мен үшін біртүрлі. Ақылға сыйымсыз.
Онымен қоса, қызымның бірінші сыныпқа баратыны мен үшін таңғалдырарлық жағдай", – деп ағынан жарылды Телебарисова.
Актриса өсіп келе жатқан екі қызы үшін "үлгі тұтарлық тұлға" болғысы келетінін атап өтті.
Одан бөлек, өнерге алғаш қадам басқан кезі мен қазіргі жұмысы жайлы аз-кем баяндады.
"11 жасымнан сахнада өнер көрсете бастадым. Алғашқыда әнші ретінде бастадым. Кейін 15 жасымда мамандығымды актрисаға ауыстырдым. Теледидар экранынан итальян, қытай, ағылшын және т.б. тілдерде сөйледім", – дейді Телебарисова.
Әлия қазіргі уақытта қызмет саласын ауыстырған. Бір кездері кино жұлдызы болған актриса бүгінде кеңсе қызметкері, іс жүргізуші болып жұмыс істеуде.
"Кинодан Б, Д, магний дәрумендерін алсам, кеңсе жұмысынан С,А және басқа минералдармен толығудамын. Тәжірибе жинап, үйреніп жатырмын. Бойымдағы жаңа мүмкіндіктерді ашудамын. Енді мен іс жүргізушімін. Жұмысқа шыққаныма жарты жыл болды", – дейді Телебарисова