Бұл туралы мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев алдағы референдумға қатысты бейнеүндеуінде айтты. Президент өз сөзінде Қазақстан өте маңызды әрі бетбұрысты кезеңге қадам басқалы тұрғанын атап өтті, деп хабарлайды Paryz.kz, Nur.kz-ке сілтеме жасап.
"5 маусым күні азаматтарымыз жалпыұлттық референдумда дауыс береді. Конституцияға түзетулер енгізу мәселесі бойынша шешім қабылдайды. Бұл – мемлекеттің және бүкіл қоғамның болашағын айқындайтын жауапты сәт. Ел тағдыры ешкімді бей-жай қалдырмайтыны анық. Біз қазір барлық саланы жаңғыртуға кірістік. Осы жолда мемлекетті басқару үлгісін түбегейлі өзгерту қажеттігі туындады. Сол себепті, мен наурыз айындағы жолдауымда саяси жаңғырудың ауқымды бағдарламасын ұсындым. Оның басты мақсаты – елімізді одан әрі демократияландыру, халықтың мемлекетті басқару ісіне қатысу мүмкіндігін кеңейту. Сондай-ақ үкіметтің тиімділігін арттыру. Бұл өзгерісті толық жүзеге асырсақ, ықпалды парламенті бар президенттік республика үлгісіне біржола көшеміз", - дейді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Сонымен қатар мемлекет басшысы конституциялық реформа адам құқықтары мен бостандықтарын қорғау жүйесін барынша күшейтетінін, одан бөлек еліміздегі саяси бәсекенің әділ және ашық болуын қамтамасыз ететінін айта кетті.
"Біз Ата заңымыздың отыздан астам бабына өзгеріс енгізгелі отырмыз. Оның бәрі азаматтарымыздың мүддесіне толық сай келеді. Осылайша, мемлекетімізді түбегейлі жаңғыртамыз. Сол арқылы екінші республиканың негізін қалаймыз", - дейді Президент.