Прямая трансляция

Астана

Астана

-17.03°C

БҚО фермерлері жалған құжат арқылы мемлекеттік қаржыны заңсыз иеленген

Алаяқтық дерегі Жәнібек ауданының жұмыспен қамту орталығында жүргізілген тексеріс нәтижесінде анықталды.

БҚО фермерлері жалған құжат арқылы мемлекеттік қаржыны заңсыз иеленген
фото: informburo.kz

Батыс Қазақстан облысында фермерлер мемлекеттің қолдау шараларына жалған құжат тапсырып, оңай олжаға кенелген, деп хабарлады "Хабар 24" телеарнасы.

Алаяқтық дерегі Жәнібек ауданының жұмыспен қамту орталығында жүргізілген тексеріс нәтижесінде анықталды. Үш жыл бұрын жергілікті шаруа қожалығының жетекшісі "Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасы" аясында агроқұрылымдағы еңбеккерлер туралы жалған мәлімет беріп, заңсыз қаражат иеленген.

Бір жыл өткен соң, тағы бір шаруа дәл осындай құйтырқы әрекетпен пайда көрген. Салдарынан мемлекетке 3 млн теңгеден астам зиян келді. Бұдан өзге ақпараттарды Полиция департаменті әзірге мәлімдемеді.

"Бір факт 2017 жылы орын алған. Бұл жағдайда азамат 1 млн 200 мың теңгеден астам қаражат алған болса, екінші жағдай 2018 жылы орын алып, 1 млн 900 мың теңгеден астам қаражат мемлекеттік бағдарлама бойынша алынған болатын. Қазіргі таңда осы жайттар бойынша Қылмыстық кодекстің 190-бабы, 1-тармағына сәйкес тергеу амалдары жүргізілуде", - деді ПД баспасөз қызметінің жетекші маманы Мөлдір Садырғалиева.