Прямая трансляция

Астана

Астана

-12.03°C

Ресейліктер Қазақстанның 16 фермерін алдап соққан

Олар аса ірі көлемде қаржылай шығын мен қоса, енді мемлекеттен субсидиялық көмек те ала алмайды. Өйткені, сатып алған ірі қара малдардың асылтұқымды екенін дәлелдейтін куәлік те берілмепті.

Ресейліктер Қазақстанның 16 фермерін алдап соққан
фото: ашық дереккөз

Ресейден асылтұқымды мал сатып алмақ болған қазақстандық 16 шаруа қожалығы алданып қалғанын айтты. Алдын ала төлем жасап қойған шаруаларға тапсырыс берілген 1269 асылтұқымды ірі-қараның тек 406-сы ғана жеткізіліп, ірі көлемде шығынға батқан. Бұл туралы «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының бизнес-омбудсмені Шыңғыс Темір мәлім етті.

Айтуынша, фермерлерге асылтұқымды малдардың куәлігі де берілмепті.

Ал кәсіпкерлер асылтұқымды малды сатып алу үшін 2018-2019 жылдары «ҚазАгро» холдингімен жүргізілген ірі қара импортын қаржыландыру жобасы бойынша ірі көлемде несие алған.

"Ресейлік жеткізушімен келісімшарт жасасқан 16 фермерлік шаруашылыққа 406 бас қана ірі қара жеткізілген. Аталған факт бойынша Ресейдің Набережные Челны қаласында қылмыстық іс қозғалды. Қазақстандық фермерлер зардап шегуші болып танылған. Олар аса ірі көлемде қаржылай шығын мен қоса, енді мемлекеттен субсидиялық көмек те ала алмайды. Өйткені, сатып алған ірі қара малдардың асылтұқымды екенін дәлелдейтін куәлік те берілмепті", - дейді Шыңғыс Темір.

Ресейлік жеткізушіге алданған фермерлер одан кейін елде де тыныштық таппаған. Ұлттық банк қарыз алғандарға қатысты валюталық заңнамаға сәйкес әкімшілік құқықбұзушылық кодексінің 251-бабына сәйкес әкімшілік іс қозғаған. Яғни, шекара асқан мемлекет қаражатына тауардың жеткізілмей, Қазақстанға ақшаның кері қайтарылмағаны үшін фермерлерге 2 мың АЕК-ке дейін айыппұл төлеу қаупі төнген.

"5 қараша күні біз бұл мәселені өткен жиында бірінші вице-премьер Әлихан Смайыловқа жеткіздік. Бұл жерде шаруа қожалықтары валюталық заңнама талаптарын әдейі бұзып отырмағанын айттық. Сондай-ақ, сот арқылы салынатын әкімшілік айыппұл онсыз да шығынға белшесінен батқан шаруаларды таза тақырға отырғызады ғой", - деді Шыңғыс Темір.

Үкімет хаттамалық тапсырма беріп, Ауыл шаруашылығы министрлігі мен Ұлттық банкке мәселені бірлесе қарастыруды жүктеген. Ал «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы істі одан әрі жалғастырып, борышкерлерді әкімшілік жауапкершілікке тартуды тоқтатуын талап етпек.

Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ