Прямая трансляция

Астана

Астана

-12.03°C

Қонаев қазақ жерін Өзбекстанға беруге қарсы болмады – Тәшенев

Саян Ташеневтің айтуынша, кеңестік Қазақстандағы ең ықпалды екі тұлға тек қызмет бабымен ғана араласқан.

Қонаев қазақ жерін Өзбекстанға беруге қарсы болмады – Тәшенев
фото: ia-centr.ru

Қонаев қазақ жерін Өзбекстанға беруге қарсы болмаған. 1962 жылдың 21 желтоқсанындағы Дінмұхамет Ахметұлы қол қойған саяси бюроның қаулысында Мақтарал, сол кездегі Ильич және Шымкент облысының Киров аудандарындағы мақта егетін жерлерді Өзбекстанға беру туралы Оңтүстік Қазақстан өлкелік комитетінің ұсынысын қолдау жайы айтылған. Бұл туралы Exclusive журналының тілшісіне берген сұхбатында Жұмабек Тәшеневтің ұлы Саян Тәшенев әңгімелейді деп жазады kznews.kz.

1960 жылы қаңтарда әкем ҚазКСР Министрлер кеңесінің төрағасы қызметіне тағайындалды. Арада бір жыл өткен соң Оңтүстік Қазақстанның мақта егетін үш ауданын Өзбекстанға беру туралы айтылғанда әкем бұл шешімге қарсы шықты. Бірақ оның қарсылығына ешкім қарамады. Өйткені қаулының жобасы әзірленіп қойған еді. 1962-1964 жылы Қазақстан компартиясы Орталық комитетінің бірінші хатшысы болған Исмаил Юсупов өз мақаласында қазақ жерлерін Өзбекстанға беру жобасын Қонаев дайындағанын айтады. Қазақ КСР Жоғары кеңесінің материал жинағында Қонаевтың сөйлеген сөздері жарияланған. Сонда Дінмұхамет Ахметұлы Қазақстан бұл жерлерді «өз ағасына» тарту ететіндігін айтыпты. Бұл ағасы сол кездегі ӨзбекКСР коммунистік партиясының бірінші хатшысы Шараф Рашидов еді, −дейді Саян Жұмабекұлы.

Сұхбатта Қонаев пен Тәшеневтің арасындағы қарым-қатынас жайында сөз болған. Саян Ташеневтің айтуынша, кеңестік Қазақстандағы ең ықпалды екі тұлға тек қызмет бабымен ғана араласқан.

Жақында Қазақстан Тәуелсіздігінің 30-жылдығына арналған фильм шығады. Онда Қонаев пен менің әкемнің арасындағы байланыс жайлы эпизодтар болғандықтан мені кеңесшілікке шақырды. Алайда сценариймен танысып шыққан соң мен ұсыныстан бас тарттым. Онда Тәшенев пен Қонаевтың арасынан қыл өтпеген дос болғанын суреттеу үшін кейбір оқиғаларды ойдан қосқан. Олар тек қана қызмет бабымен ғана айналысты. Бұны ешқандай достық қарым-қатынас деуге келмейді, − дейді қайраткердің ұлы.

Тарихтан белгілі жақында ғана ел астанасына ескерткіші орнатылған Жұмабек Тәшенев қазақ жерінің біртұтастығын сақтап қалу жолында ерен ерлік көрсеткен азамат. Тың және тыңайған жерлерді игеру деген сылтаумен Қазақстанның солтүстігіндегі 5 облысты Ресейге қосуға қарсылық танытқан. Алғашқы жер дауында КСРО-ның Конституциясын алға тартқан азамат кейін оңтүстіктегі 3 облысты Өзбекстанға беруге қарсы болғаны үшін қудаланып, елдегі ең жоғары қызметтен қарапайым облыстық атқару комитеті төрағасының орынбасарлығына дейін төмендетілген болатын.