Прямая трансляция

Астана

Астана

-7.03°C

Құрбан айт мерекесіне байланысты брифинг өтті

Алматы қаласында  қасиетті Құрбан айт мерекесін карантиндік жағдайа өткізу туралы брифинг өтті.  Брифингке Алматы қаласының Бас имамы Төлеби Оспан, Алматы  Орталық мешітінің наиб имамы Руслан Қайыргелді,  қаланың Бас мемлекеттік санитарлық дәрігері Жандарбек Бекшин, Алматы қаласы Дін істері жөніндегі басқарма басшысының орынбасары Ерғали Көшеке қатысты.

Құрбан айт мерекесіне байланысты брифинг өтті
Фото: Mufyat.kz

Қатысқан спикерлерден алғашқы болып сөз алған Алматы қаласының Бас имамы Төлеби Оспан күллі мұсылман жұртшылығы асыға күткен Құрбан айт мерекесімен көпшілікті құттықтаудан бастады. Айт мерекесінде, Зүлхижжа айында мұсылман баласы қандай ғибадат, нендей игі іс жасау керектігіне және дәл бүгінгі арапа күнінде ораза ұстау сүннет екеніне тоқталды.  

Алматы қаласындағы эпидемиологиялық ахуалдың күрт нашарлауына байланысты  Құрбан айт намазы Алматы қаласы мешіттерінде, өкінішке қарай, оқылмайтынын, оның орнына әркім өз үйінде 2 ракат нәпіл намаз оқу ұсынылғанын айтты. Биыл да өткен жылғыдай емін-еркін мал базарларға барып, әркім өзі мал таңдап, оны өз қолымен сою мүмкіншілігі болмайтыны, соған байланысты мүфтиятқа қарасты мешіттер шариғаттағы өкіл құрбандығы, яғни, біреудің орнына екінші адам өкіл болып, құрбан шалу қағидасына сүйене отырып, қашықтан құрбан шалу ұйымдастырылатынын жеткізді. 

Бас мүфти бастамасымен карантин талаптарын ескере отырып, халықтың денсаулығын сақтау мақсатында Құрбан шалу «QURBAN-2021»онлайн қайырымдылық акциясы қайта қолға алынатынын айтты. Бұл үшін «QURBAN2021.KZ»сайты іске қосылып, қашықтан құрбан шалудың жөн-жосығы мен алгоритмі түзілген. Алматы өкілдігі бойынша қашықтықтан құрбан шалу ісін үйлестіретін жұмысшы тобы құрылған. Олар тапсырыс алудан бастап, мал сою, бейне есеп жолдау, еттерді мұқтаж жандарға тарату сынды жұмыстарды жүргізбек. Сайт арқылы құрбандық шалуға тапсырыс беру 22 шілде сағат 14:00-ге дейін жалғасады.     

Сонымен қатар,  «QURBAN2021.KZ» сайтын  пайдалануға қатысты нұсқаулық роликтер мен материалдар ҚМДБ-ның ресми muftyat.kz және Алматы Орталық мешітінің azan.kz сайттарында қосымша жарияланатынын, сол жерден толық мәлімет алатынын жеткізді. 

Көпшіліктің құрбандықты қашықтан шалуға байланысты сауалдар туындаған жағдайда Call-centor қызмет ететінін айта кеткіміз келеді. Мына 8 727 329 09 66, 8778 382 88 36, вацап нөмірі: 8775 475 00 83 телефондарына хабарласуларыңызға болады. 

Бас имам сөзінің соңын көпшіліктің шалған құрбандықтарының қабыл болуына тілек білдірумен аяқтады. 

Брифинг барысында екінші сөзді Алматы Орталық мешітінің наиб имамы Руслан Қайыргелді алып, Құрбан айтқа байланысты шешімдер мен атқарылатын іс-шаралар барысын орыс тілінде жеткізді. Брифингтегі негізгі мәселелер екі тілде жүргізілгенін көпшіліктің қай тілде ақпарат алуына жағдай туғызғаны деп ұққанымыз жөн.

Келесі кезекте Алматы қаласының  Бас санитариялық дәо Жандарбек Бекшин - сіздерді Құрбан айт мерекесімен құттықтаймын, қазіргі эпидахуалды жеткізгім келеді – деп сөзін әрі қарай мәлемттермен жалғастырды: - Күннен күнге эпиджағдай күрделеніп барады. Мысалы бір тәулікте 850 жағдай тіркелсе, өткен тәулікте 885 жағдай тіркелді. Жылдың басынан бастап, 63 мыңнан астам адам коранавирус жұқтырған. Қазіргі уақытта «Дельта-вариант» Үнді штамы анықталып отыр. Бұл штамның жұғу процесі жоғары. Сондықтан қауіптің алдын алуымыз керек. Бұл ауру асқынумен өте ауыр түрде өтіп жатыр. Мен түске дейін ауруханада болдым. Сол уақытта он адам түсті. Оның жетеуі реанимацияға қабылданды. Мен мешіт имамдарына рахмет айтқым келеді. Осы жағдайды халыққа жақсы түсіндіруде. Халық та түсіністікпен қарайды деп сенемін. Ауруды тоқтау үшін араласуды, көп шоғырлануды тоқтата тұруымыз керек. Талаптарды сақтайық! Ең бірінші бетперде тағудан бастайық! Арақашықтықты сақтайық! Бұл індет үлкен-кіші, жас-кәрі демей жұғып жатыр. Мысалы бір жасқа толмаған 1180 нәрестеге жұққан. Осы шілденің екі аптасында 185 сәби ауырды. Сәбилерге қайдан жұғады? Әрине, келген-кеткен, араласқан адамнан жұғады. Сондықтан осыған мән беру керек. Былтыр  мектеп жасындағы 280 бала тіркеліп еді, биыл 5000-ға жетті.

Құрметті халайық, сіздерден өтінерім шектеулерге түсіністікпен қарап, талаптарды сақтайық! Бәріміз бірдей індетті тоқтатуға жұмылмасақ, болмайды. Жалпы аурудың 30-35 проценті сауда орындарынан, 16 процентіқоғамдық көлікте, 16 процент қоғамдық тамақтану орындарында жұққанын анықтадық. Осыны ескерейік»-деп аяқтады сөзін Бас санитар. 

 Брифингтегі келесі сөзді алған Алматы қаласы Дін істері жөніндегі басқармасы басшысының орынбасары Ерғали Көшеке осы айтылған шешімдерге байланысты мониторинг жасалатынын айтты. Қаладағы мал сою орындары, Айтқа байланысты жабық болатынын жеткізді. Азаматтардың денсаулығын сақтап, ауруды жұқтырмау үшін қала аумағына сырттан мал кіргізілмейтінін ескертті. 

Брифинг барысында БАҚ өкілдері онлайн құрбандыққа байланысты, өтінімдер туралы, талаптарды орындамаған жағдайдағы жауапкершілік жөнінде сұрақ қойып, спикерлер жауап берді. Осылайша Құрбан айт мерекесіне байланысты бирифинг жан-жақты тақырыпты қамтып, сапалы өтті. Айтылған шектеулер мен жаңа шешімдер халықтың қауіпсіздігі, індеттің алдын алу екенін көпшілік түсінетініне сенім мол,үміт зор. Құрбан айт мерекесі құтты, шалған құрбандық қабыл болсын!   

                                              

        Еділ  АНЫҚБАЙ