Прямая трансляция

Астана

Астана

-10.03°C

Алматыда қоғам белсенділері "Халық сенімі" қозғалысын құратынын жариялады

Ресми мәлімет бойынша, 2019 жылы саяси партия ретінде тіркелуге 7 ұйым өтініш берсе, былтыр 9 өтініш түсіп, алтауы кері қайтарылған. 

Алматыда қоғам белсенділері "Халық сенімі" қозғалысын құратынын жариялады
фото: ашық дереккөз

Бүгін, 23 маусымда Алматыда бір топ қоғам белсендісі баспасөз мәслихатын өткізіп, "Халық сенімі" ("Народное доверие") азаматтық қозғалысын құратынын мәлімдеді деп жазды "Азаттық радиосы".

Белсенділер арасында бұрынғы дипломат Қазбек Бейсебаев, Жалпыұлттық-социал демократиялық партиясының мүшесі, экономист Айдар Әлібаев, қоғам белсенділері Ғабиден Жәкей, Марат Уатхан, желтоқсаншы, жазушы Талғат Айтбайұлы, ауған соғысы ардагерлерінің басшысы Байдәулет Дәркембай, ақын Болат Шарахымбай бар.

Қазбек Бейсебаев пен Ғабиден Жәкей қозғалыстың тең төрағасы ретінде таныстырылды.

Бастамашылар "Қазақстанда биліктің халыққа есеп бермейтін құйтырқы жүйесі қалыптасты. Мемлекет халық үніне құлақ аспайды. Реформалар қағаз жүзінде ғана. Әртүрлі күмәнді бағдарламалар мен жобаларға бюджеттен мол қаражат бөліп жатыр. Билік "демократия жолымен жүйелі дамып келе жатыр" деп алдарқатып отыр" деп санайды.

Қозғалыс бағдарламасын оқыған Қазбек Бейсебаев "Халық сенімі" қозғалысының Қазақстанда тыйым салынған саяси экстремистік ұйымдармен және қандай да бір оппозициялық ұйымдармен байланысы жоқтығын мәлімдеді.

"Сырттан біреу келіп, еліміздің жағдайын жасап береді деп үміттенуге, қол қусырып отыруға болмайды. Халықтан шыққан шынайы саяси ұйым болса қолдар едік дегенді әлеуметтік желіден жиі көреміз. Біздің қозғалыс нағыз халықтық қозғалыс болады", - деді Қазбек Бейсебаев.

Ғабиден Жәкейдің сөзінше, қозғалысқа кіремін деушілерге шектеу жоқ.

Олардың сөзінше, "Халық сенімі" қозғалысы саясатқа белсенді араласып, болашақта партияға айналатын болады.

Бастамашылар сөзінше, қозғалыс "краудфандинг" әдісімен халықтан, жеке бизнестен жиналған қаржымен жұмыс істейді.

Қазақстан заңына сай, партия құру үшін алдымен мың адам қатысатын съезд өтуі тиіс. Ал партияны ресми түрде тіркеу үшін кемінде 20 мың мүшесі болуы шарт. Қазақстанда партия құрғысы келетін азаматтар тіркеу кезіндегі бюрократиялық кедергілерден бөлек қуғындалатынын айтып, жиі шағымданады. Мысалы, бұған дейін белсенділер Санавар Закирова, Жанболат Мамай биліктің партияларын тіркеуге мүмкіндік бермей отырғанын айтып сынаған.

Қазіргі кезде Қазақстанда ресми тіркелген алты партия бар. Сыншылар Нұр-Сұлтан билікке нағыз оппонент болатын саяси күштерді тіркеуден сескенеді, олардың жұмыс істеуіне кедергі жасайды деп санайды. Қуғындағы бұрынғы банкир, оппозициялық саясаткер Мұхтар Әблязов құрған "Қазақстанның демократиялық таңдауы" қозғалысын Қазақстан соты "экстремистік ұйым" деп танып, қызметіне тыйым салған, жақтастарын соттаған. Бірақ бұл ұйымды Еуропарламент "бейбіт оппозициялық ұйым" деп атаған. Қазақстандағы адам құқығы жайлы биыл қабылдаған қарарында Еуропарламент депутаттары Нұр-Сұлтанды "экстремизмге қарсы заңдарды" аталған қозғалыс жақтастарына қарсы қолданды деп айыптаған.

Билік белсенділер мен сыншылар уәжімен келіспейді. Ресми мәлімет бойынша, 2019 жылы саяси партия ретінде тіркелуге 7 ұйым өтініш берсе, былтыр 9 өтініш түсіп, алтауы кері қайтарылған.