Прямая трансляция

Астана

Астана

-12.03°C

"Ислам Әбішев басынан тапсырыспен қамалып, тапсырыспен сотталған адам" - заңгер

Сөзі дәлелді болуы үшін заңгер бірнеше негізгі жайтқа тоқталған.

"Ислам Әбішев басынан тапсырыспен қамалып, тапсырыспен сотталған адам" - заңгер
Фото: ашық дереккөз

Ауыл шаруашылығы министрлігі Су ресурстары комитетінің бұрынғы басшысы Ислам Әбішев 2020 жылы «60 миллион теңге пара алды» деген күдікке ілігіп, сот бес жылға соттады, деп хабарлады Skifnews.kz ақпарат агенттігі.

Белгілі заңгер Абзал Құспан Әбішевтің тапсырыспен қамалып, тапсырыспен сотталған адам екенін айтады.

«Мен шынымды айтсам, Ислам Әбішевтың осы кезге дейін тірі жүргеніне таң қаламын. Істемегендері жоқ қой жауларының. Иә, ол кісіге өлердей өштесіп, жауығып, түрмеден тірі шығармаймыз деп бекінген топ бар. Исекең басынан тапсырыспен қамалып, тапсырыспен сотталған адам. Берілген тапсырыстың негізгі мәні - ол кісінің мүддесінде берілген барлық өтініштерге бас тартылу керек екен, солай болды да», - дейді ол.

Сөзі дәлелді болуы үшін заңгер бірнеше негізгі жайтқа тоқталған.

«Мен адвокат боп іске кіріскенде, тергеушінің істі қазақ тілінде жүргізуге тыйым салғанын естіп бір шок болдым. Ол тек басы екен. Менің жазған арызымды Бас прокуратура қанағаттандырусыз қалдырады. Тергеу сотына беріп, соттасып жүріп әупірімдеп қазақша сөйлеуге рұқсат аламыз. Одан кейін бірінен соң бірі басталды. Айдың-күннің аманында тергеушілер Ислам Әбішев пен Серік Түкиевті адвокатсыз алдыртып, екеуіне “«өз еріктерімен» арыз жаздыртып, халықаралық «Қазақ күресі» федерациясынан кетіріп, орнына Шпекбаев өзі отырып алады. Арыз жазған пара беруші Азамат Шаймерденовтың сексот екенін айтамын, айтып қана қоймай оны құжат түрінде дәлелдеп береміз. Осы істі қолдан ұйымдастырған Антикордың жедел қызмет департаменті басшысы, яғни өз тілдерінде айтқанда Шаймерденовтың «қожайыны» мен провокатор екеуінің өзара тығыз байланысын дәлелдеп береміз. Істің провокацияға құрылғанын құжат түрінде, байланыс құралдары және куәлердің жауаптары арқылы дәлелдеп береміз», - деп жазады ол.

Абзал Құспан  үш ай бойы телефоны тыңдалып, параға қатысты еш әңгіме айтылмаса да, «пара алғысы келген сияқты» - деп қорытынды жазып берген сарапшылардың әрекеті заңсыз екенін, өздерінің ең үлкен басшылығы - Республикалық сараптама орталығы қорытындысымен дәлелдеп бергенін айтады. Тіпті жіберген өрескел заң бұзушылығы үшін сарапшыны жауапкершілікке де тартқызған. 

«Үш ай бойы «разработкада» жүрсе де, пара алмай қойған Әбішевке, пара алуға оқталды, яғни пара алғысы келді деп айып тағудың жалпы абсурд екенін дәлелдеп бердік. Қазақша бір ауыз сөз айта алмайтын судьяның, біздің істі қарап жатқан судьяға қатысты қарсылықты (отвод) қарай алмайтынын дәлелдедік. Ол судьяны жұмыстан кетірдік. Бірде-бір дәлелді, негізді өтінішіміз не тергеуде, не сотта өтпей қойғасын, бес адвокат Жоғарғы Сот алдына митингіге шығуға да мәжбүр болдық. Бірақ сонда да, Исекеңе байланысты заң еш жұмыс жасамай қойды», - деп толықтырды заңгер.

Әбішевтің адвокаты Мәкіш Ескараевтың сөзіне сүйенген Абзал Құспан «Исекеңді бұлар тура мағынасында өлтіргелі отырғанын» айтады. 

«Бүгін адвокаты Мәкіш Ескараевпен хабарласып тағы шок болып отырмын. Исекеңді бұлар тура мағынасында өлтіргелі отыр дейді! Соңғы 6 айда колония басшылығы не өздері ем жасамайды, не арнайы емдеу мекемесіне жібермейді, тым құрыса, ковидке қарсы екпе алайын десе, оған да рұқсат етпейді! Зейнет жасындағы, жүректен есепте тұрған адамға неге олай істейсіңдер десе, жоғарыдан тапсырма солай дейтін көрінеді! Былтыр сот тергеуі кезінде, сот залында, елдің көзінше жүректен приступ ұстап төрт рет құлап, жедел жәрдем шақырғанымыз есімде. Ал қазір жедел жәрдем тұрмақ, ковидке қарсы екпе алуға да рұқсат бермей, қатайып отыр колония басшылығы! Шынымды айтсам, алдағы соттан өз басым еш үміт күтпеймін. Тергеу ісін заңдастырып беретін нотариустардан не қайран?», - деп қорытындылады ол.
     
Заңгер ендігі үміт тек «Human Rights Watch», БҰҰ жанындағы адам құқығы комитеті сияқты халықаралық ұйымдарда ғана екенін айтты. Ол бүгін аталған ұйымдарға ағылшын тілінде хабарлама жолдағанын жеткізді.

Осы орайда ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Қазыбек Иса бір топ ұлт зиялылары ҚР Нұр-Сұлтан қалалық сот алқалары басшыларына кепілдік хат жазғанын жеткізді. Ол бұл туралы өзінің facebook-тегі парақшасында жазды.

Кепілдік хатта зиялылар соттың жұмысына араласуға құқымыз жоқ дей келе, қазақтың атпалдай азаматының тағдыры еріксіз қолға қалам алдырғанын жеткізген.

«Біз не үшін бұл азаматқа ара түсіп отырмыз:
Біріншіден жас кезінен бастап өнер мен әдебиетке жақын болып, жанашырлық танытып келеді. Сонау тоқсаныншы жылдары болған қиын қыстау кезінде көптеген жас ақын, жазушыларға қол ұшын беріп, олардың еңбектерінің жарық көруіне үлкен көмегін тигізді. 2013 жылы бүкіл Қазақстан бойынша әлі бірде-бір кітабы шықпаған ақындардың өлеңдерін жинастырып, әр облыстың ақындарының өлеңдерін жинақ етіп 17 кітап шығартты. Көптеген әншілердің шет елдік конкурстарға қатысуларына септігін тигізді. Олардың ішінде жеңімпаз болып келгендері де аз емес. Халық ішіндегі талантты жас суретшілерді, мүсіншілерді, қолөнершілерді қолдап атқарған тірліктері жетіп артады», - делінген кепілхатта.

Сондай-ақ, Әбішевтің қызметіне қатысты да пікір білдірген. 

«Ол қай жерде жұмыс атқармасын елдің рахметі мен алғысын алып жүргенін ылғи естіп отырамыз. Әсіресе Өскемен қаласының әкімі қызметін атқарған кездегі еңбегі ересен зор. Данышпан Әл-Фарабидің қайырымды қаланың басшысы қалай болуы керек деген еңбегіне жауаптың нағыз өзі десек те болады. Бұған дәлел: қала халқының 1000-нан астамы, қарапайым қазағы бар, орысы бар, жас-кәрісі бар пісірген бауырсағы мен бәлішін алып, Исламды шығарып салуға аэропортқа жиналуы. Мұндай бақ, мұндай басшыға деген құрмет, мыңның бірінде бола бермейді. Еліміздің су саласында да талай оңды жұмыстарды атқарғанын естіп, көріп, біліп жүрміз.Ауқымды жұмыстарды атқара жүріп, бюджеттің 1,0 триллионнан астам қаржысын үнемдеуі бұрын-соңды болмаған феномен деп айтуға болады», - дейді зиялылар.
 
Хаттың соңында «Оқталды деп соттауын сотталды, ендігі жерде зейнеттегі 65-тен асқан жасы мен сыр беріп жүрген денсаулығын ескеріп, бостандық берулеріңізді сұранамыз», деп түйіндеген.

Еске салайық, 2021 жылы 20 мамырда Ислам Әбішевтің соты болады.