Прямая трансляция

Астана

Астана

-13.03°C

"Қазақстанымыз әрбір азаматтың бақытты болуы үшін барын жасап жатыр" - Бішкектен қашып келген олигарх

Міне, осы форумға онлайн қатысқан олигарх Александр Машкевич: «Қазақстандықтар осындай елде өмір сүріп жатқаны үшін Құдайға шүкірлік айтуы керек», – деп сөйлепті.

"Қазақстанымыз әрбір азаматтың бақытты болуы үшін барын жасап жатыр" - Бішкектен қашып келген олигарх
Фото: ашық дереккөз

Бішкекте биотуалет салып жүріп, ақыры салпаң етіп Қазақстанға қашып келген, аз уақыттың ішінде Қазақстанның алюминий өндірісін бауырына басып, әлем алпауыттарының қатарына қосылып, әбден байыған, Қазақстанның қазба байлығына қожалық жасап жүріп, жер бетіндегі аса ірі байлардың тізімін жасап отыратын «Forbes» журналының  тұрақты кейіпкеріне айналған, Шодиев, Ибаргимов пен бірігіп «Еуразиялық топ» құрып, қазақ билігінің «спонсоры» болған, кейін өз туған ұлты төбесіне титтей тақия кигізіп, шақырып алған (Израиль азаматы) Александр Машкевич деген жөйт бүгін қазаққа, Қазақстан халқына «ақыл» айтыпты.

Әлеуметтік жобалар туралы форум өтіп жатыр екен. Онлайн режимде. Форумды ұйымдастырушы – Нұрсұлтан Назарбаев қоры, ал форумның тақырыбы – «Мемлекет, бизнес және КЕҰ: Тұрақты даму жолындағы бірлік пен әріптестіктің 30 жылы», – деп аталыпты.

Міне, осы форумға онлайн қатысқан олигарх Александр Машкевич: «Қазақстандықтар осындай елде өмір сүріп жатқаны үшін Құдайға шүкірлік айтуы керек», – деп сөйлепті.

«Мен қазір Бразилиядамын. Мұнда біздің компаниямыз ең ірі жобалардың бірін жүзеге асырып жатыр. Мен Қазақстанның көптеген азаматтарының мен жүріп өткен оншақты елді жүріп өткенін қалар едім. Сонда олар өз елінде (Қазақстанда) тұрып жатқандарына Құдайға шүкірлік айтып, обьективті баға берер еді.

30 жыл бұрын Қазақстанның бірінші президенті Нұрсұлтан Назарбаев патерналистік, әлеуметтік бағытталған мемлекет моделін құрды. Ол модел күні бүгінге дейін өмір сүріп келеді. Мемлекетіміз әрбір азаматтың жағдайына алаңдап, олардың әрқайсысының бақытты болуы үшін барын жасап жатыр. Өткен жылғы пандемия іс жүзінде әлемді өзгертті. Кез келген мемлекеттің экономикалық моделіне өте қауіпті стресс-тест болды. Біз Қазақстаның экономикасы мен әлеуметтік моделі бұл сынақтан қалай өткенін көрдік. Мен Елбасыға осындай модел құрып бергені үшін алғыс айтқым келеді», – депті Машкевич.

«Eurasian Resources Group» (ERG) Директорлар кеңесінің төрағасы Александр Машкевич өзі басшылық ететін «Еуразиялық топ» туралы да айтыпты. Бүйдейді:

«Біз еліміздегі әлеуметтік бағытталған ең күшті компаниямыз. 27 жыл бұрын біз еліміздің өңірлеріне, моноқалаларға барғанда мен таң қалдым. Мен оған дейін Совет одағының өз елінің азаматтарына мұншалық адамгершіліктен тыс қарым-қатынаста болғанын білмеппін. Мен Хромтауға немесе Ақсуға барғанда, онда тіпті балабақшаның жоқтығын көрдім. Мектептер жетіспейді. Тіпті емханалар жоқ. Маған бұл көрініс ауыр әрі қорқынышты болды.

Ал бүгін біз жұмыс жасап жатқан сол моноқалалар 30 жыл бұрынғы қалалардан әжептәуір өзгергенін мақтанышпен айтамын. Құдды ол көріністер өзге ғаламшарда болғандай. Түсінікті болуы үшін, соңғы он жылдың ішінде біздің компаниямыз әлеуметтік меморрандум негізінде Қостанай, Павлодар, Қарағанды мен Ақтөбе облыстарына 280 миллиард теңге бөлді», – депті.

Дереккөз: ABAI.KZ