Прямая трансляция

Астана

Астана

-12.03°C

"Жерді облыс, аудан басшыларының туған-туыстары иеленіп отыр" - заңгер

"Жергілікті атқарушы органдар кез келген жобаны өзінің пайымдауы бойынша инвестициялық деп танып, Жер Кодексінің 48-бабы бойынша оны конкурсқа шығармай, тікелей беріп отыр. Бұл сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін қалыптастыруда", - дейді ол.

"Жерді облыс, аудан басшыларының туған-туыстары иеленіп отыр" - заңгер
фото: дереккөз

Жер реформасы жөніндегі комиссияның бірінші отырысында "Bazarbek & Partners" ЖШС-нің директоры, заңгер, жер құқығының сарапшысы Бақытжан Базарбек әр облыста, әр ауданда әкімнің орынбасары, яғни жер комиссиясының төрағасы, жер қатынастары басшысының туған-туыстары, ауыл шаруашылығы бөлімі басшысының туған-туысқандары жерлерді алып отырғанын мәлімдеді деп хабарлады paryz.kz, baq.kz-ке сілтеме жасап.

"Инвестициялық жобалар аясында инвесторлар ауылшаруашылық жерлерді, сол сияқты құрылыс үшін бірқатар жерді алып отырғанын білесіздер. Бірақ жобаның инвестициялық икемін тану үшін арнайы ереже керек", - дейді ол.

Айтуынша, Ауыл шаруашылығы министрлігінде осы ереженің жобасы жатыр. Ол ереже әлі де бекітілмеген.

"Жер комиссиясының аясында жобаларды инвестициялық жоба ретінде тану туралы ережені дереу қабылдауды ұсынып отырмын. Себебі жергілікті атқарушы органдар кез келген жобаны өзінің пайымдауы бойынша инвестициялық деп танып, Жер Кодексінің 48-бабы бойынша оны конкурсқа шығармай, тікелей беріп отыр. Бұл сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін қалыптастыруда", - деп атап өтті сарапшы.

Оның сөзінше, Жер Кодексіне 43-1-бабы енгізілді. Ол бап бойынша ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді шаруа-ферма қожалығына және ауыл шаруашылық тауарлы өндіріс жүргізу үшін конкурсқа беріліп отыр.

Тағы оқи отырыңыз: "Жердің кімнің қолында екені халыққа айқын болуы керек" - Мұхтар Тайжан

Сондай-ақ 43-1-бабына "мүдделердің қақтығысуы" деген норма енгізілген. Себебі әр облыста, әр ауданда әкімнің орынбасары, яғни Жер комиссиясының төрағасы, жер қатынастары басшысының, ауыл шаруашылығы бөлімі басшысының туған-туысқандары жерлерді алып отыр. Ал мүдделердің қақтығысы бабы бойынша бар болғаны тәртіптік жауапкершілік қарастырылған.

"Егер Жер Кодексінің 43-1-бабы бойынша алдын ала конкурс беріп, өтінішін қарау кезінде мүдделердің қақтығысы болса, конкурстық өтініштерді қайтарып жіберу нормасын енгізсек, сыбайлас жемқорлықтың алдын аламыз", - деп түсіндірді Бақытжан Базарбек.