Прямая трансляция

Астана

Астана

-8.03°C

Қазақстан пандемия кезеңінде жұмыссыздық деңгейін 5%-дан асырмады

Бүгінде еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі ұсынған мәліметтерге сәйкес, ай сайын Қазақстанда жұмыспен қамту орталықтарына 60 мыңнан астам азамат келетіні белгілі болды. Жалпы жоғарыда айтылған мемлекеттік бағдарламалар бойынша елде 1,2 миллионнан астам адамды жұмыспен қамтуға болады.

Қазақстан пандемия кезеңінде жұмыссыздық деңгейін 5%-дан асырмады
Дереккөз: pcao.kz

Әлемді коронавирус пандемиясы дендеп, дүниежүзінің көптеген елдерінің экономикасы тұралап қалғаны рас. Өкініштісі Covid-19-дың салдарынан қарапайым халықтың қалтасы қағылып, күнделікті тұрмысына тауып отырған нәпақасынан айырылып қалған еді. Нәтижесінде жер жаһанда жұмыссыздардың саны артты. Дамыған елдер мен қатар Қазақстан да жұмыссыздықтың алдын алу үшін, бірқатар шараларды қолған алған-ды. Назарларыңызға солардың бірқатарын ұсынуды жөн көрдік.

Қазақстанда қатаң локдаун енгізілген уақытта 4,6 миллион ел тұрғыны тұрақты табыс көзінен айырылып қалған болатын. Ал карантин кезінде олардың саны – 2,3 миллион адамды құрады. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі ұсынған мәліметтерге сәйкес, 2020 жылдың 1 ақпанында жұмыспен қамту орталықтарында – 26,9 мың  жұмыссыз тіркелген екен. Ал осы жылдың тамыз айында олардың саны – 219,1 мың адамды құрап, бірден 8 есеге өскен.

Қазақстан Республикасы Ұлттық статистика бюросы ұсынған мәліметтер бойынша, 2020 жылдың IV тоқсанында жұмыссыздар саны (табысты жұмысы болмаған, оны үздіксіз іздеген және оған кірісуге дайын болған 15 және одан жоғары жастағы адамдар) 453 мың адамды құрап, елдегі жұмыссыздық деңгейі 4,9%-ға (2019 жылғы IV тоқсанда – 4,8%) жеткен. Осылайша былтырғы жылдың IV тоқсанында жұмыссыз ер адамдар 46,2%-ды (209,5 мың адамды), ал әйел адамдар 53,8%-ды (243,5 мың адамды) құраған. Сол сияқты тұрақты табысы жоқ 15-28 жас аралығындағы жастардың үлесі 16,9% немесе 76,6 мың адамға жеткен.   Бұл ретте осы жастағы жастардың жұмыссыздық деңгейі 3,6%-ды көрсеткен.

Десе де елдегі қиын-қыстау кезеңге қарамастан, ел үкіметі жұмыссыздық деңгейін төмендету ісін назардан тыс қалдырмады. Мәселен, Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың «Еңбек» бағдарламасы дәл осындай жұмыссыз қалғандарға жұмыс ұсынуды көздейді. Аталған бағдарлама бойынша жұмыссыз азаматтар уақытша жұмыс таба алады, ал жұмыс берушілерге мемлекет азаматтарға қызмет ұсынғаны үшін, олардың еңбекақысының бір бөлігін өтеп береді. Мұндай әлеуметтік қызмет орны 12 айға дейінгі уақытты қамтиды. Айта кетерлігі, аталған мемлекеттік бағдарлама бойынша кез келген азамат қатыса алатындығымен, басымдық әлеуметтік осал топтарға беріледі. Оларға ата-ананың қорғауынсыз қалған балалар үйінің тәрбиеленушілері (16-23 жас аралығы), зейнет жасына 2 жыл қалған азаматтар, мүгедектер, жалғызбасты көп балалы аналар және т.б.жатады.

Пандемия кезеңінде тұрақты жұмысы жоқ жандарға, сондай-ақ, қоғамдық жұмыстар да ұсынылды. Мұндай вакансияларды аумақтардағы жұмыспен қамту орталықтары ұйымдастырды. Жұмыс берудің бұл түрінде де жұмыс орны 12 айдан артық уақытқа берілмейді. Жалақы мөлшері әлеуметтік аударымдар мен салықты есепке алғанда – 85 мың теңге көлемін құрайды. Жұмыспен қамтудың бұл бағытына тұрақты жұмысы жоқ азаматтар, жоғары курс студенттері мен жұмыс берушінің салдарынан жұмысынан айырылған азаматтар қатыса алады.

Пандемия ел экономикасына қаншалықты теріс әсерін тигізсе де, Қазақстан жұмыссыздық деңгейін былтырғы жылы 5%-дан асырмады. Мұндай мәліметті ел премьері Асқан Мамин мәлімдеді. «Бекітілген меморандумдарға (еңбек) сәйкес 2,3 миллионнан астам жұмыс орындары сақталып қалынды. Біз пандемия салдарынан әлемде болып жатқан экономикалық дағдарысқа қарамастан, жұмыссыздық деңгейін 5% көлемінде ұстап қала алдық»,-деді ол үкімет отырыстарының бірінде.

Бүгінде еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі ұсынған мәліметтерге сәйкес, ай сайын Қазақстанда жұмыспен қамту орталықтарына 60 мыңнан астам азамат келетіні белгілі болды. Жалпы жоғарыда айтылған мемлекеттік бағдарламалар бойынша елде 1,2 миллионнан астам адамды жұмыспен қамтуға болады. «2020 жылдың басында өңір әкімдерімен меморандумға қол қойылды, олар жоспар бойынша 431,5 мың жаңа жұмыс орындарын ашу керек болған. Бұл қолданыстағы «Еңбек» және «Жұмыспен қамтудың жол картасын» есептемегендігі көрсеткіш. Сонымен бірге жұмысы жоқ азаматтар электронды еңбек биржасын да белсене пайдалануда. Мысалы ондағы вакансия 8,5 есеге өсті. Жалпы, 2020 жылдың алғашқы жеті айында 330 мың жұмыссыз азамат қызмет тапты, олардың 57%-ы тұрақты жұмыс орнын тапқандар болып табылады»,-дейді министрлік өкілдері.

Сонымен бірге пандемия уақытында жалпы жұмыссыздыққа қарсы шаралармен 743 мың адамның қамтылғаны белгілі болды. Бұған қоса Жұмыспен қамтудың Жол картасы аясында тұрақты жұмыс орындарын құру және өңірлердің әлеуметтік инфрақұрылымдарын жақсартуды көздейтін инфрақұрылымдық жобалардың тізімі жаңғыртылды. Сондай-ақ, Үкімет 2020 жылдың соңына дейін 6 мыңнан астам жобаларды аяқтап, қосымша 100 мың азаматты жаңа жұмыс орнымен қамтамасыз етуді жоспарлаған-ды.

Ведомство ұсынған мәліметке сәйкес, коронавирус уақытында Шымкент қаласы, Жамбыл, СҚО және ШҚО облыстарында жұмыспен қамту шаралары оң нәтиже көрсетсе,  республика бойынша ең төмен деңгейді көрсеткен облыс – БҚО болып табылған.

Ал жалпы Ұлттық статистика бюросы ұсынған мәліметтерге сәйкес, 2020 жылдың IV тоқсанында халықты жұмыспен қамту іріктемелі зертеуінің қорытындысы бойынша, 15 және одан жоғары жастағы жұмыс істейтін адамдардың саны 9,2 млн. адамды құрады. Ел аумағында 8,7 млн. адам жұмыспен қамтылды. Олардың ішінде 6,7 миллион адам немесе 76,3%-ы жалдамалы қызметкерлер, 1,5 миллион адам - жеке кәсіпкерлер, 4,9 мың адам - жеке тәжірибемен айналысатын адамдар, 16,4 мың адам – шаруашылық серіктестердің, акционерлік қоғамдардың құрылтайшылары, акционерлері, өндірістік кооперативтердің мүшелері және 555,5 мың адам тәуелсіз жұмыскерлер екені анықталды. Осыған сәйкес, 15 және одан жоғары жастағы халық санына шаққанда, елде жұмыспен қамту деңгейі 66%-ды құрады.

Сондай-ақ жұмыспен қамтылғандардың басым көпшілігі өз қызметін сауда (16,3%), ауыл шаруашылығында (13,6%), білім беруде (12,7%), өндіріс (12,4%) және т.б. қызмет түрлерінде жүзеге асырды. Бұған қоса жоғары және орта кәсіптік (арнаулы) білімі барлар 7,2 миллион адамды құрады. Бұл жұмыспен қамтылған халықтың 82,8%-ы болды. Жалпы елдегі жұмысы барлардың негізгі үлесі - 65,5% (5,7 миллион адам) 29-54 жастағы адамдар болды.