Прямая трансляция

Астана

Астана

-12.03°C

Мемлекеттік басқару академиясы "қазақшадан қақпайтындарды" қабылдамайды

"Қоғам тарапынан да мемлекеттік қызметкерлерге қатысты сынды естіп жүрміз. Осыған байланысты біз көп іс-шара атқарып жатырмыз", - дейді Мемлекеттік қызмет істері агенттігі төрағасының орынбасары.

Мемлекеттік басқару академиясы "қазақшадан қақпайтындарды" қабылдамайды
фото: ашық дереккөз

ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясына түсу үшін қазақ тілін білу міндетті. Бұл туралы Мемлекеттік қызмет істері агенттігі төрағасының орынбасары Дархан Жазықбаев мәлімдеді, деп хабарлады paryz.kz.

Ол журналистің "Мемлекеттік қызметке тұру үшін ҚАЗТЕСТ жүйесі бойынша тестілеу нәтижесін есептейтін уақыт келген жоқ па?" деген сұрағына жауап берді.

"Қоғам тарапынан да мемлекеттік қызметкерлерге қатысты сынды естіп жүрміз. Осыған байланысты біз көп іс-шара атқарып жатырмыз. Бірінші кезекте нәтижеге қол жеткізген шарамыз - Мемлекеттік басқару академиясына мемлекеттік тілді білу міндетін нақты енгіздік. Мұнда тек мемлекеттік қызметкерлер магистратура, докторантура бойынша оқиды. Айтып отырғаныңыз - бәрімізге сын. Ел президенті де сын-пікір айтты. Сондықтан дұрыс қабылдаймыз. Қазіргі уақытта заңға өзгерістер енгізу бойынша ұсыныстарымыз да қарастырылып жатыр. Бұл мәселе бойынша алдағы уақытта нақты шаралар қабылданады деп ойлаймын", - деді ол.

Мемлекеттік қызмет істері агенттігі төрағасының орынбасары қазақ тілін меңгеру деңгейін бағалайтын ҚАЗТЕСТ жүйесіне жауапты Тіл комитетін Мәдениет министрлігінен Білім және ғылым министрлігіне беру мәселесі талқыланып жатқанын да айтты.

"Осы жұмыс толық аяқталғаннан кейін біз сол комитетпен мемлекеттік қызметкерлердің қазақ тілін білу деңгейін көтеру бойынша жұмыс істейміз", - деді Дархан Жазықбаев.