Прямая трансляция

Астана

Астана

-0.03°C

Мәжілісмен Альберт Рау "АрселорМиттал Теміртау" АҚ-ын тексеруді сұрады

Ол төтенше жағдайлардың барлығы биыл болғанын атап өтті. Оның пікірінше, миллиардтаған инвестиция тартылғанына қарамастан, "АрселорМиттал Теміртау" АҚ-ындағы жағдай дұрысталмай отыр.

Мәжілісмен Альберт Рау "АрселорМиттал Теміртау" АҚ-ын тексеруді сұрады
фото: kt.kz

Мәжіліс депутаты Альберт Рау "АрселорМиттал Теміртау" АҚ-на аудит жүргізуді ұсынды, деп хабарлады paryz.kz, inbusiness.kz-ке сілтеме жасап.

Депутат компанияның қызметі Үкіметтің тұрақты бақылауында болғанына қарамастан, соңғы уақытта онда қайғылы оқиға жиілеп кеткенін атап өтті.

"13 қаңтарда Ленин атындағы шахтада метан жарылды. Салдарынан бір адам қайтыс болып, екеуі жарақат алды. 25 ақпанда "Қазақстан" шахтасына бара жатқан жұмысшылар автобусы апатқа ұшырап, 9 адам зардап шекті. 7 наурызда Рудный департаментінде жұмысшы "БелАЗ" көлігінің астына түсіп, қаза тапты. 2021 жылдың 10 наурызында "Саран" шахтасында кенші қайтыс болды. 11 наурызда екінші жылу электр орталығында (ЖЭО немесе ТЭЦ-2) жарылыс болып, бір жұмысшы денесінің 25%-ын, екіншісінің 95%-ын күйік шалды. 12 наурызда "Саран" шахтасындағы көлбеу конвейерден өрт шықты", - деді Альберт Рау, Мәжілістің жалпы отырысында.

Ол төтенше жағдайлардың барлығы биыл болғанын атап өтті. Оның пікірінше, миллиардтаған инвестиция тартылғанына қарамастан, "АрселорМиттал Теміртау" АҚ-ындағы жағдай дұрысталмай отыр.

"Кокс батареясының апатты жағдайда болуына байланысты, зауыт ай сайын 20-25 мың тонна коксты импорттауға мәжбүр. Ал бұрын ол мұны өзі экспорттайтын. 2019 жылдың 17-19 ақпанында кәсіпорынның конвертер цехында газдарды ұстау және тазарту жүйесін пайдалану талабы бұзылғаны анықталды. Салдарынан қоршаған ортаға зиянды қалдықтар шектен тыс шығарылды", - деді депутат.

Сонымен қатар Альберт Рау компания меншігіндегі ЖЭО-2 жағдайына Теміртау тұрғындары алаңдайтынын айтты.

"Ақпанның соңында қатты аязда Теміртаудағы мыңнан астам үй жылусыз отырды. Себебі, ЖЭО-2-де апат болып, 3 қазандық істен шықты", - деді депутат.

Ол осы деректерді ескере отырып, Үкіметке "АрселорМиттал Теміртау" АҚ-ында тексеріс жүргізуді ұсынды.

"Қазақстан Үкіметіне "Экономиканың стратегиялық маңызы бар салаларындағы меншіктің мемлекеттік мониторингі туралы" заңға сәйкес, "АрселорМиттал Теміртау" АҚ-ына мемлекеттік техникалық аудит жүргізуді сұраймын. Аудиттің қорытындысы негізінде комбинаттың тұрақты жұмысын қамтамасыз ету үшін қажет инвестиция көлемін анықтау керек. "АрселорМиттал Теміртау" АҚ қызметкерлерінің қауіпсіз еңбек жағдайын қамтамасыз ету үшін пәрменді шаралар қабылдасын", - деді Альберт Рау.