Прямая трансляция

Астана

Астана

-17.03°C

Желі қолданушылар сенатордың сөзін сан-саққа жүгіртті

Сенатор кейіннен БАҚ өкілдеріне өзінің даулы сөзін түсіндірді.

Желі қолданушылар сенатордың сөзін сан-саққа жүгіртті
фото: ашық дереккөз

Сенат депутаты Дана Нұржігіттің "Ашық алаң" бағдарламасында әйелдер туралы айтқан сөзі әлеуметтік желі қолданушыларының ашуын тудырды, деп хабарлады paryz.kz

Сенатор Instagram-дағы парақшасында бағдарламадан үзінді жариялаған екен. 

"Қазақы тәрбие, абырой, отағасының абыройы бәрібір де қазақ әйелінің табиғатында басым тұрады. Өйткені кейбір әйелдерді көремін, елдің алдында әдемі жүреді, киінеді, төрт құбыласы түгел сияқты көрінгенмен, кеше кешкісін үйде қандай әңгіртаяқтың астында қалғанын, не болмаса, балаларын тырқыратып қуып, бір үйдің астаң-кестеңін шығарғанын білдірмей, ел алдында әп-әдемі болып жүретін әйелдердің тағдырын көрдім.

Соның бәрін аттап кетпей, "Бәрібір үй болайық, шаңырақ болайық, ел алдында не бетімізді айтамыз" деген абыройды ойлаған әйел қазақ әйелі дер едім. Сондай тағдырлардың көбі көз алдымызда жүр, бірақ жымын білдірмейтін қазақ әйелдерінің намысы ешқашан қорқыныш, үрей тудырмайды. Еуропаның әйелдері болса, "менің чиновниктік жұмысым бар, тамағыңды өзің жеп ал, балаңды өзің өсіріп ал, мені қызметім күтіп тұр" деп бәрін аттап кететін әйел – қазақ әйелі емес", - деді Сенат депутаты телеарна эфирінде. 

Алайда оның бұл пікірі кейбір желі қолданушыларының ашуына тиген. Олар Дана Нұржігітті тұрмыстық зорлық-зомбылықты қолдап отыр деп айыптап, сынның астына алды.

"Дана ханым, таяқтың астында жүріп, ештеңе білдіртпеуді дәріптеп отырсыз ба сонда?! Бірақ сондай отбасыларда қаншама бала балалық травмамен өсіп, қаншама әйел суицидке барғанын білмейсіз бе? Статистикамен танысқаныңыз дұрыс болар, Дана ханым! Өзіңіз ел алдында жүрсіз. Өзекті проблеманы керемет нәрсеге балап, әйелдің дәрежесін төмендетіп отырсыз. Осындай спичтардан жігерленген тұрмыстық тирандар өмір бойы әйелдерін қор қылатын болады", - деп ашуланды желі қолданушылардың бірі.

"Абырой деген үнін шығармау ма? Сіз дәл қазір зорлыққа, таяққа көніңіз дегенді дәріптеп тұрғаныңызды түсініп отырсыз ба? Жарайды, мәнмәтіннен кесіліп алынды дегеннің өзінде, бұл жерде ойыңызды толық ашып жеткізіп отырсыз. Өзіміздің әйелдерді жақтау үшін басқа елдің әйелдерін төмендетіп отырсыз. Өте нашар мысал келтірдіңіз. Неге әйелге төз деудің орнына, ерлерге "қол көтермеңдер, қорғаңдар, қолдаңдар" деп үйретпеске? Сіздің айтып тұрғаныңыз - виктимблеймингтің көрінісі. Көзі ашық жан деп ойлаушы едім, өкінішті", - деген енді бірі.

"Сонда "әңгіртаяқ астында қалған әйел" ешқайда барып арыз жазбай, қылмыскерді соттатпауы керек пе? Неге жертвалықты романтизировать етуге құмармыз осылай?" деп жазды тағы біреуі.

Сенатор кейіннен БАҚ өкілдеріне өзінің даулы сөзін түсіндірді. Ол әйелдерді таяққа шыдауға емес, керісінше, ер адамдарды әйелдерді бағалауға шақырғанын айтты.

"Қазақ әйелі ерінің басын елге теңеген, елдің абыройы деп ойлаған. Сондықтан осыны бағалайтын әйел адам не үшін көп қиындыққа көніп жатыр? Не үшін көп қиындыққа осылай үндемей, бір үйдің емес, бір елдің ұйытқысы болып жатыр? Осыны түсінетін арда азаматтарымыз болса екен, шіркін. Осының құнын білетін, әйелдің ақылын, төзімін, шыдамын, парасатын бағалайтын ер-азамат көп болса екен деген пікір болатын. Бұл жерде көнбістікке шыдау, таяққа шыдау туралы пікір болған жоқ", - деді ол.

Депутаттың айтуынша, әйелінің парасат-пайымын, биіктігінің құнын білетін ерлер көп болса, дүние тепе-теңдікке жетер еді.

"Менің пікірім – осы", - деді Дана Нұржігіт.