Прямая трансляция

Астана

Астана

-11.03°C

Президент шетелдіктерге жер сатуға біржола тыйым салды

Сондай-ақ президент комиссияның құрамына аграрлық сектордың беделді өкілдерін және жер мәселесін жетік білетін сарапшыларды қосу керек екенін айтқан.

Президент шетелдіктерге жер сатуға біржола тыйым салды
фото: дереккөз

Шетелдіктерге жерді сатуға заң жүзінде біржола тыйым салынады. Бұл туралы Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің 5-отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтты, деп хабарлады paryz.kz.

Бұл туралы президенттің баспасөз хатшысы Берік Уәли facebook-тегі парақшасында жазды.  

"Халқымыз үшін жер мәселесі қашанда аса маңызды. Бұл – мемлекеттігіміздің берік негізі және қасиетті символы. Қазақтың жері шетелдіктерге сатылмайды деп бірнеше рет айттым. Бұл мәселеге қатысты қауесеттерді тоқтату қажет. Сондықтан мен мынадай нақты шешімдер қабылдадым. Біріншіден, шетелдіктерге және шетелдік заңды тұлғаларға ауыл шаруашылығы жерлерін сатуға, жалға беруге заң жүзінде біржола тыйым салуды тапсырамын. Бұл шетелдіктердің үлесі бар заңды тұлғаларға да қатысты. Мен мұны Президенттің заң шығару бастамасы арқылы жедел түрде жүзеге асыру қажет деп шештім. Президент Әкімшілігі дәл осы мәселеге байланысты тиісті заң жобасын әзірлеуі керек. Екіншіден, бір айдың ішінде жер реформасы жөніндегі комиссияны құрып, 25 наурызда жұмысқа кірісуді тапсырамын", - деді Тоқаев.

Сондай-ақ президент комиссияның құрамына аграрлық сектордың беделді өкілдерін және жер мәселесін жетік білетін сарапшыларды қосу керек екенін айтқан.

"Үшіншіден, Үкіметке биылғы тамыз айының соңына дейін жер реформасының негізгі мәселелері бойынша ортақ мәміле арқылы түбегейлі байлам жасауды тапсырамын. Төртіншіден, комиссия жұмысының әрбір кезеңі және онда ұсынылған шаралар туралы халықты үнемі хабардар етіп отыру керек. Басты міндеттің бірі – комиссия жұмысының және шешім қабылдаудың мейлінше ашықтығын көрсету. Біз жерге қатысты қоғам тарапынан көтерілген барлық мәселені дұрыс және тиімді шеше аламыз деп сенемін. Бұл шешімдер, ең алдымен, ел экономикасын дамытуға және азаматтардың тұрмыс сапасын арттыруға арналған. Ең бастысы, жердің шетелдіктерге сатылмайтыны туралы түбегейлі шешім қабылданды", - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.