Прямая трансляция

Астана

Астана

-9.03°C

"Талғат Ермегияев түрмеде де тектілігін көрсетіп жатыр" - Аманжол Әлтаев

"Оның арғы жағын қарасаңыз, ақ білектің күшімен, ақ найзаның ұшымен ел қорғаған Жарылғап, Түйте батырлардың белінен тараған ұрпақ қой", - дейді ол.

"Талғат Ермегияев түрмеде де тектілігін көрсетіп жатыр" - Аманжол Әлтаев
фото: today.kz

Белгілі айтыскер ақын Аманжол Әлтаев Qasqa Jol Youtube арнасына берген сұхбатында кезінде айтыс өнеріне демеушілік жасаған кәсіпкер, меценат Амангелді Ермегияев пен оның ұлы - бұрынғы "Астана ЭКСПО-2017" компаниясының басшысы Талғат Ермегияев туралы пікір білдірді, деп жазды paryz.kz.

"Амангелді Ермегияевтың айтыстың 96-97 жылдан бері қарай биік деңгейге көтерілуіне, "бас кеспек болса да тіл кеспек жоқ" деген берік принципті ұстанып, алдаспан қылыш секілді өткір болуына үлесі көп болды. Өйткені ол кезде қаржылық мәселенің бәріне Амангелді Ермегияев, Мұхтар Құл-Мұхаммед, Өмірзақ Сәрсенов сияқты кәсіпкерлер қолдау көрсетіп, айтыс ешкімге алақан жаймай, ешкімге мұқтаж болмай, еркін дамып келді. Сол айтыстың дамуына үлкен үлес қосқан азаматтың бірі – осы Амангелді Ермегияев", - деді Аманжол Әлтаев.

Сондай-ақ ол Талғат Ермегияевтің өз принципінен айнымауын текті әулеттің ұрпағы екендігімен байланыстырды.

"Қазақта:

"Толқындап жатқан дария,

Тасыса құяр теңізге.

Қанша малды болса да,

Бай қуанар егізге.

Жақсыдан жаман туса да,

Жаманнан жақсы туса да,

Тартпай қоймас негізге", - деген сөз бар. Тектілік ұрпақ қуалайды. Оның арғы жағын қарасаңыз, ақ білектің күшімен, ақ найзаның ұшымен ел қорғаған Жарылғап, Түйте батырлардың белінен тараған ұрпақ қой. Сондықтан, әрине, өз ұстанымда тұру, сынып кетпеу де бұл азаматтың бойындағы тектілігінің бір белгісі деп түсінемін", - деді ақын.

Еске сала кетсек, экс-шенеунік Талғат Ермегияев "Астана ЭКСПО-2017" ҰК" АҚ Басқарма төрағасы қызметінен кеткен соң, 2016 жылы "ірі көлемде қаржы жымқырды" деген айыппен 14 жылға бас бостандығынан айырылған болатын. Бірақ өзіне тағылған айыптарды жоққа шығарып, бірнеше рет "кінәсізбін" деп мәлімдеді.