"Ал оның арғы жағын (Әшімбаев мәлімдемесінің - авт.) шұқылап жатқым келмейді. Өз позициямды ғана білдіре аламын..." - деді ол.
Айтыскер ақын Аманжол Әлтаев Qasqa jol Youtube арнасына сұхбат берді. Сол сәтте ол таяуда ғана Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаевтың "Ашаршылықты саиясиландырмаған абзал" деген мәлімдемесіне қатысты сұраққа да жауап берді, деп жазды paryz.kz.
"Мен, сөз жоқ, ол ұлтқа жасалған геноцид деп есептеймін. Өйткені 20 ғасырдың 20-30 жылдарындағы аштықта ұлтымыздың жоқ дегенде орта есеппен 70%-ынан айырылып қалдық. Бұдан артық қандай геноцид болуы мүмкін? Сондықтан бұл әлі өзінің тарихи бағасын алған жоқ. Біз соның геноцид болғандығын халықаралық дәрежеде мойындатуымыз керек деп ойлаймын. Егер тарихқа жүгінсек, 20-жылғы санақ бойынша КСРО құрамына кірген Орта Азия халықтары ішінде қазақтың саны көп еді. Өзбектер ол кезде екі есе аз болатын. Бас-аяғы 100 жылдың ішінде өзбек бізден екі есе көп болып шықты. Бұған сол зобалаң жылдардағы геноцидке ұшырағанымыз әсер етті. Әсіресе 32-жылғы аштықта Орталық Қазақстанның халқы көп қырылды. Себебі елді мекендер өзеннен алыс орналасты, климат қатаң болды. Қолдағы малдың бәрін тартып алған соң ашаршылық орын алды. Бұл одан кейін жымысқы саясатпен жалғасып, елге бас болады дейтін, ұлттың санасын оятатын тұлғаларды ақбөкендерді қырғандай қырып тастады", - дейді ақын.
Сонымен қатар, Аманжол Әлтаев Сенат төрағасының "ашаршылықты ғылыми тұрғыда зерттеу керек" дегеніне қосылатынын жеткізді.
"Бұл жерде мән беретін бір мәселе бар. Сол жылдары репрессияға көп ұшыраған - біздің халқымыз. Басқа ұлттарда ондай көп болмады. Геноцидтік қасіретті ең көп шеккен екі ұлт болса, бірі – қазақ, бірі – украин жұрты. Сондықтан оның геноцид екенін жоққа шығара алмаймын. Ал оның арғы жағын (Әшімбаев мәлімдемесінің - авт.) шұқылап жатқым келмейді. Өз позициямды ғана білдіре аламын. Біздің неге геноцид екенін ашық мәлімдеуден жасқанып отырғанымыз - жұмбақ. Бір үрей бар шығар. Саясаттың біз түсіне бермейтін ұңғыл-шұңғылы көп қой. Біз тәуелсіздігін кеше ғана алған ел емеспіз. 30 жылдығын атап өтейін деп отырмыз. Осы уақыт ішінде буыны бекіген, өз жолын айқындаған мемлекет ретінде ашаршылықтың геноцид екенін ашық мәлімдеуден қорықпауымыз қажет", - деп түйіндеген ол сөзін.