Прямая трансляция

Астана

Астана

-12.03°C

1 мамырдан бастап елімізде не өзгереді

1 мамырдан бастап қазақстандықтарды күтіп тұрған өзгерістер  жайлы шолуды назарларыңызға ұсынамыз, деп хабарлайды Paryz.kz ақпарат порталы BAQ.KZ сайтына сілтеме жасап.

1 мамырдан бастап елімізде не өзгереді
Фото: ult.kz

Көптен күткен демалыс

Ең әуелі демалыссыз өткен сәуір айынан кейін жұрт асыға күтетін мамыр айындағы мерекелік күндерге тоқталып өтейік. Сонымен Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі 2024 жылғы 17 сәуірде "2024 жылы демалыс күнін ауыстыру туралы" бұйрыққа қол қойды. Құжатқа сәйкес демалыс күні 2024 жылғы 4 мамырдағы сенбіден 2024 жылғы 8 мамырдағы сәрсенбіге ауыстырылды.

Осылайша, қазақстандықтар үш күн қатарынан, яғни 2024 жылдың 7, 8 және 9 мамыры демалады. 7 мамырда Отан қорғаушылар күнін және 9 мамырда Жеңіс күнін тойлайды. Ал 4 мамыр жұмыс күні болады. Бұдан бөлек 1 мамырда қазақстандықтар Қазақстан халқының бірлігі мерекесін атап өтеді.

Жеңіс күні. Ардагерлерге қанша қаражат беріледі?

Жеңістің 79 жылдығына орай елімізде Екінші дүниежүзілік соғыс ардагерлеріне біржолғы төлем беріледі.

Биыл оның көлемі төмендегідей болады:

Астана - 2 млн теңге. Бүгінгі таңда елордада ҰОС-тың 7 ардагері тұрады.

Алматы – 2 млн теңге. Қазір Алматы қаласының аумағында 44 ардагер тұрады.

Қарағанды облысы – 2 млн теңге. Облыста 12 ардагер тұрады.

Ақмола облысы - 3 млн теңге. Бүгінгі таңда облыста 6 ардагер тұрады.

БҚО – 1,5 млн теңге. Батыс Қазақстан облысында 14 ардагер бар.

Жетісу облысы – 1,5 млн теңге. Облыста 4 ардагер тұрады.

"Ардагерлер туралы" заңға сәйкес тыл еңбеккерлері, қаза тапқан әскери қызметшілердің отбасылары, қайтыс болған ҰОС мүгедегінің жұбайы (зайыбы) – 15 АЕК (55 380 теңге) мөлшерінде біржолғы төлем алады.

Шымкент оқушылары қоғамдық көлікпен тегін жүреді

Tolem электронды төлем жүйесі 1 мамырдан бастап Шымкент оқушылары қоғамдық көлікпен тегін жүре алатынын хабарлады.

Жақында оқушы картасы жолақысы тегін болады. Бұл мектеп оқушылары картаны тіркеу үшін валидаторға міндетті түрде қою қажет, бірақ картадан ақшаны шешілмейді. Бұл өзгерістер 1 мамырдан бастап күшіне енеді, – делінген компанияның хабарламасында.

Теміртау автобустарында электронды төлем жүйесі іске қосылады

Теміртау қаласының қоғамдық көліктерінде бірінші мамырда ONAY электронды төлем жүйесі іске қосылады. Қала әкімдігі мамыр айында қалалық автобустарда жүру тарифі өзгеріссіз қалатынын хабарлады.

Мамыр айында қалалық автобустарда жол жүру тарифі өзгеріссіз қалады. Жол жүруді ONAY! жеке көлік картасымен тіркеу кезінде "Республикалық жеңілдік" (марапатталған көп балалы аналар мен 1-топтағы мүгедектерге ресімделеді) – жол жүру тегін. Жол жүру ақысын "7 жастан 18 жасқа дейінгі балалар" картасымен тіркеу кезінде толық тарифтің 50% төленеді. Қолма – қол ақшамен төлеген кезде барлығы үшін 70 теңге, – деп түсіндірді қала әкімдігінде.

Қарағандыда жолақы 100 теңгеге дейін көтеріледі

Қалалық мәслихат депутаттары Қарағанды автобустарында жолақы құнының жаңа тарифін мақұлдады. Мамыр айының 1-нен бастап қаладағы қоғамдық көліктердегі жол жүру ақысы 20 теңгеге қымбаттайды.

Енді облыс орталығындағы қоғамдық көліктерде жолаушылар электронды төлем жүйесі арқылы қолмақол ақшасыз 100 теңге, ал қолмақол ақшамен 200 теңге төлейтін болады.

Билік өкілдері Қарағандыда жол жүру ақысы соңғы 10 жылда өзгермегендігін, тарифті көтеру мәжбүрлі шара екендігін атап өтті.

Қарағандыда ыстық су өшіріледі

Облыс орталығында мамырдан қыркүйекке дейін 5 ай бойы ыстық су болмайды. Бұл жайында аймақ басшысы Ермағанбет Бөлекпаев тікелей эфирде тұрғындардың сұрақтарына жауап беру барысында айтты.

Қарағандының XX ғасырда салынған жылу жүйесі тозуы салдарынан соңғы онжылдықта қаланы жаз мезгілінде ыстық сумен қамту мүмкін болмай келеді. Қарағандыда бір құбырдың бойымен ыстық су да, жылу жүйесінің суы да ағады. Жаз айларында осы құбырларда жөндеу жұмыстары жүргізілгендіктен, ыстық су толығымен тоқтатылады.

 «Болашақ» бағдарламасына іріктеу басталады

2024 жылы алғаш рет "Болашақ" халықаралық стипендиясына және "500 ғалым" ғылыми тағылымдамасына құжаттарды қабылдау үздіксіз жүргізілетін болады. Құжаттарды қабылдау 29 сәуірде басталып, 25 қазанда аяқталады.

Конкурстық іріктеу 2024 жылғы 10 мамырдан 30 қарашаға дейін өтеді. «Болашақ» стипендиясына құжаттар egov.kz порталы арқылы қабылданады. «500 ғалым» бойынша өтінімдерді қабылдау және конкурстық іріктеу алғаш рет bolashak.gov.kz. порталында «Үміткердің жеке кабинеті» бөлімінде онлайн жүргізіледі. 

Арнайы медициналық пойыз жолға шығады

1 мамырдан бастап тұрғындарды тегін кәсіби медициналық көмекпен қамтамасыз ету үшін «Жәрдем» мамандандырылған медициналық пойызы іске қосылады. Су тасқыны жағдайын ескере отырып, зардап шеккен ауылдық елді мекендердің тұрғындары медициналық пойыз қызметтерімен қамтылатын болады.

Бұдан бөлек 16 курортты-санаториялық ұйым анықталып, онда су тасқынынан зардап шеккендер тегін қабылданады. Тұтастай алғанда, бұл нысандар бір уақытта 190 адамды қабылдай алады, оңалту курсы 10-нан 14 күнге дейін созылады, бұл мүмкіндігінше зардап шеккендерді емдеу-оңалту шараларымен қамтуға мүмкіндік береді.

Алматыда коммуналдық қызмет ақысы қымбаттайды

Алматыда қоқыс шығару тарифі 30%-ға өседі. Бұл туралы Алматыда өткен қалалық мәслихаттың кезектен тыс XVI сессиясында белгілі болды. Алматы қаласының Экология және қоршаған орта басқарма басшысының уақытша міндетін атқарушы Мирас Гайсин баяндама жасады.

Алматы қаласы әкімдігінің тарапынан тұрмыстық қатты қалдықтарды жинау және шығару үшін қажетті инфрақұрылымда дамыту жұмыстары жалғасып жатыр. 2024-2025 жылдары сомасы 10,4 млрд теңге болатын 2905 контейнерді ауыстыру жоспарланған. Біздің есептеуіміз бойынша тұрмыстық қатты қалдықтарды жинауға, тасымалдауға, сұрыптауға қажетті жылдық тариф – 3303,9 теңгені, ал бір адамға айына – 718,5 теңгені құрады. Жаңа өзгеріс қабылданған жағдайда адам басына төленетін бұрынғы тарифтен айырмашылығы 165 теңгені құрайды. Яғни, 30%-ға көбейеді , – деді ол.

Енді алматылықтар 1 мамырдан бастап жаңа тариф бойынша төлем жасайды.

Астана әуежайының жұмыс уақыты өзгереді

1 мамырдан бастап Астана әуежайы түнде жұмыс істемейді.

2024 жылғы 1 мамырдан бастап жөндеу аяқталғанға дейін, жергілікті уақыт бойынша сағат 22:00-ден 06:00-ге дейін елорда әуежайының әуеайлағында ұшақтарды қабылдау және ұшу тоқтатылады, - деп хабарлады Астана халықаралық әуежайы баспасөз қызметі.

Осыған байланысты Астанадан/Астанаға орындалатын әуекомпаниялардың рейс кестесіне өзгерістер енгізіледі.

Шайбалы хоккейден ел құрамасы екі матч өткізеді

Хоккейден Қазақстанның ерлер құрамасы 2024 жылғы әлем чемпионаты қарсаңында халықаралық турнирге қатысады.

2-4 мамыр аралығында Астанада Qazaqstan Hockey Open - 2024 халықаралық турнирі өтеді. Аталған сынға Қазақстан, Ресей және Белоруссия құрамалары қатыспақ.

Бұл жарыс құраманың әлем чемпионатына дайындығы аясында өтпек.

Матчтар кестесі

2-мамыр 2024, 19:30 - Қазақстан - Ресей

3-мамыр 2024, 19:30 - Қазақстан - Беларусь

4-мамыр 2024, 16:00 - Ресей – Беларусь

Биылғы оқу жылы аяқталады

Қазақстандық мектептердегі төртінші тоқсан 1 сәуірден 25 мамырға дейін жалғасады. Оқу-ағарту министрлігінің мәлімдеуінше, төртінші тоқсанның ұзақтығы 8 оқу аптасын құрайды. Сондай-ақ, 25 мамырда қорытындылар шығарылып, оқу жылы аяқталады.

Қазақстандықтар Чехияға тікелей ұша алады

Биыл 22 мамырдан бастап SCAT әуе компаниясы "Астана – Прага" бағыты бойынша Қазақстан мен Чехия астаналары арасында әуе қатынасын қалпына келтіреді. Рейстер аптасына екі рет (сәрсенбі және сенбі күндері) сыйымдылығы 186-189 орындық Boeing 737 ұшақтарында орындалады. Әуе қатынасын қайта ашу екі ел арасындағы сауда-экономикалық, іскерлік және туристік ынтымақтастықты одан әрі дамытуға ықпал етеді деп көзделіп отыр.