Прямая трансляция

Астана

Астана

-9.03°C

Миллиардтарды дұрыс игермеген "AsiaCredit Bank" АҚ лицензиясынан айырылды

Уақытша әкімшілік Банктің тарату комиссиясы тағайындалғанға дейін жұмыс істейтін болады.

Миллиардтарды дұрыс игермеген "AsiaCredit Bank" АҚ лицензиясынан айырылды
фото: dailynews.kz

"AsiaCredit Bank" АҚ бағалы қағаздар нарығында қызметті жүргізу лицензиясынан айырылды, деп хабарлады paryz.kz, Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

"Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі басқармасының 2021 жылғы 11 ақпандағы №22 қаулысына сәйкес, "AsiaCredit Bank" АҚ бағалы қағаздар нарығында қызметті жүргізу лицензиясынан айыру туралы шешім қабылданды", - делінген хабарламада.

Агенттік не себепті бұндай шешім қабылданғанын да мәлім етті. Атап айтқанда, "Қазақстан Республикасындағы банктер және банк қызметі туралы" ҚР Заңының 48-бабы 1-тармағының 7), 15) тармақшаларына сәйкес:

- пруденциялық нормативтерді және (немесе) сақталуы міндетті басқа да нормалар мен лимиттерді жүйелі түрде (қатарынан күнтізбелік 12 ай ішінде үш және одан көп рет) бұзу;

- қадағалап, ден қою шараларын жүйелі түрде (қатарынан күнтізбелік 12 ай ішінде үш және одан көп рет) орындамау;

- уәкілетті органның қосымша капиталдандыру жөніндегі талаптарын Банктің ірі қатысушысының орындамауы лицензиядан айыруға негіз болды.

Лицензиядан айыру күнгі жағдай бойынша Банк активтерінің мөлшері - 45,4 млрд теңге, несие портфелі - 45,0 млрд теңге, оның ішінде 31,6 млрд теңге немесе банктің несие портфелінің 70,0%-ы 90 күннен астам мерзімі өткен жұмыс істемейтін кредиттер.

Лицензиядан айырылған күні "AsiaCredit Bank" өтімді активтерінің мөлшері 75 млн теңгені құрады. Бұл ретте орындалмаған клиенттік төлемдердің мөлшері 8,0 млрд теңгеден асады.

Уақытша әкімшілік Банктің тарату комиссиясы тағайындалғанға дейін жұмыс істейтін болады.