Прямая трансляция

Астана

Астана

-12.03°C

"Геноцид тоқтатылсын!" - Қытай консулдығына барған қазақтардың талабы (ВИДЕО)

Басында үнсіз болған күзетшілері  наразылық акциясына қатысушылар мен осы шараны түсіріп тұрған БАҚ өкілдерін консулдық маңынан итеріп, тықсыра бастапты... 

"Геноцид тоқтатылсын!" - Қытай консулдығына барған қазақтардың талабы (ВИДЕО)
Фото: Азаттық радиосы

Алматыда бірнеше қазақ Қытай консулдығына келіп, Шыңжаңда қалған туыстарын Қазақстанға қайтаруды талап етіп, наразылық акицясын өткізді. Олар "Қытай билігі туыстарымызды негізсіз айыптап, кейбірін түрмеге қамап, Қазақстанға жібермей отыр" дейді. Қытай консулдығынан наразыларға ешкім шықпады, деп хабарлады Азаттық радиосы.

Олар жақын-туыстары (күйеуі, ұлы немесе бауыры) Қытайда түрлі "негізсіз" айыптармен ұзақ жылға сотталғанын, Қытай билігі екі адамның құжаттарын тартып алғандықтан, Қазақстанға өте алмай отырғанын айтты.

"Баласынан айырылған әке. Жұбайынан ажыратылған әйелдер. Әйелінен айырылған ер адамдар. Қазақстан билігі Қытаймен доспыз дейді. Ендеше сол досымен бірігіп, неге осы мәселені шешпейді? Неге отбасыларды біріктірмейді? Қытай геноцид саясатын тоқтатсын!" - деп айқайлады олар.

14 құрсақ көтерген Сарқытхан Қызырбайқызы Қытай билігі ұлының төлқұжатын "еш себепсіз" тартып алғанын айтып шағынды. Соның кесірінен Шыңжаңда қалған ұлын бір көруге зар болып қалғанын айтады.

"Ұлымды көрмегелі 4 жылдың жүзі болды. Төлқұжатты қолына беріп, жіберсе деп отырмын. Баламды көріп өлсем арманым жоқ", - дейді Сарқытхан Қызырбайқызы.

Жиналғандар арасында кеше, 8 ақпанда Қытайда қалған туыстарын іздеп, осы консулдық алдында наразылық шарасын өткізгендер де болды. Солардың бірі Нұрзат Ермекбай бауыры Бірлесбек Ермекбайдың Қытайда "еш жазықсыз 12 жылға сотталып кеткенін" айтып налыды.

"Жазықсыз кетіп отыр ғой. Егер қылмысы болса, ішкі Қытайға барар ма еді? Міне, мына суретте Пекинде жүр. Ол төңкеріс жасады ма? Біреуді өлтірді ме? Жоқ. Қарапайым күн көріп жүрген, өздері сайлаған молда болды. Сол мұсылмандығы үшін соттады оны", - дейді Нұрзат Ермекбай.

Әдеттегідей бұл жолы да жергілікті әкімдік өкілі келіп, наразылық білдіріп тұрған адамдарға бұл шараның "заңсыз" екенін ескертті. Бірақ жиналғандар оның сөзін елеген жоқ.

Азаттық тілшісінің мәліметінше, басында консулдық күзетшілері наразылық акциясын тек сырттай бақылап тұрған. Сәлден соң іштен консулдық қызметкері шығып, күзетшілерге қолын сермеп, бірдеңе айтқандай болды. Сол-ақ екен, күзетшілер наразылық акциясына қатысушылар мен осы шараны түсіріп тұрған бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдерін консулдық маңынан итеріп, тықсыра бастады.

Оқиғаны полиция қызметкерлері сырттай бақылап тұрған.