Прямая трансляция

Астана

Астана

-0.03°C

Қазақ билігіндегі жоғары лауазымдарда "бір үйдің балалары" көп

Айта кетейік, Нығматулиндер еліміздегі ең танымал туысқан шенеуніктер қатарына кіреді...

Қазақ билігіндегі жоғары лауазымдарда "бір үйдің балалары" көп
Stan.kz

Бүгін Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі басшысының орынбасары Олжас Бектенов енді туыс шенеуніктер бір мемлекеттік органда жұмыс істей алмайтынын ашып айтты. Өзі - министр, ағасы - министрдің орынбасары дегендей, билік басында туысқандар толып жүр. Осыған орай Stan.kz редакциясы ең танымал туыс шенеуніктердің тізімін жасап көріпті, деп хабарлады paryz.kz.

Мәселен, Үкімет басшысының орынбасары Ералы Тоғжановтың туған інісі Марат Тоқжанов Батыс Қазақстан облысындағы Бәйтерек ауданының әкімі екен. Бұған дейін Ақтөбе облысы әкімінің орынбасары қызметін атқарған Марат Тоқжанов ағасы вице-премьер атанғаннан бір айдан кейін жаңа лауазымға ие болған.

Сондай-ақ, соңғы кездері Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетовтің ағасы Тимуржан Нұрымбетовтің есімі БАҚ-та жиі айтылып жүр. Жамбыл облысының Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының бұрынғы басшысы өз еркімен осы жылдың маусым айында қызметінен кеткен еді. Пара алды деген күдікке ілінген ол қазір үйқамақта отыр.

Тағы бір ведомство басшысы - Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұловтың інісі Мәди Атамқұлов ҚР президенті протоколының бастығы қызметін атқарады.

Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтановтың інісі - еліміздегі ең ірі ұйым "Жолаушылар тасымалы" АҚ-ның президенті.

Әділет министрі Марат Бекетаевтың ағасы Руслан Бекетаев - Қаржы министрінің орынбасары. Осыған орай, Бекетаевтың министр лауазымына тағайындалуы халық арасында қызу пікірталасқа түскен еді.

Жақында ғана Қазақстанның Нидерландыдағы елшісі болып таайындалған экс-министр Асқар Жұмағалиевтың қайын атасы Қайрат Мәми кезінде Жоғарғы соттың басшысы, Бас прокурор, Сенат спикері болған. Қазір ол - ҚР Конституциялық кеңесінің төрағасы.

Ал еліміздің тұңғыш президенті - Елбасы кеңсесінің басшысы Махмұд Қасымбековтің ұлы Жеңіс Қасымбек қазір Қарағанды облысын басқарады.

Экс-вице-премьер, Жамбыл облысының қазіргі әкімі Бердібек Сапарбаев - өзінің інісі Нұрлыбек Нәлібаевпен әріптес. Сапарбаевтың бауыры - Қызылорда қаласының әкімі.

Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шүкеевтің қарындасы Қаржы министрлігі қазынашылық комитетіне қарасты облыстық департаментті басқарады.

Мәжіліс спикері Нұрлан Нығматулиннің жиені - Малика Бектурова Нұр-Сұлтан әкімінің орынбасары. Айта кетейік, Нығматуллиндер еліміздегі ең танымал туысқан шенеуніктер қатарына кіреді. Мәжіліс спикерінің сыңары Ерлан Нығматулин 2011-2015 жылдары Сенат депутаты болған.