Прямая трансляция

Астана

Астана

-10.03°C

Қырғыз президентін ұлықтауға Тоқаевтың емес, Назарбаевтың өкілі барды

Ол "құттықтау Қазақстан халқы мен Назарбаевтың атынан" екенін жеткізді. Елдің қазіргі президенті Тоқаевты сөзіне қосқан жоқ.

Қырғыз президентін ұлықтауға Тоқаевтың емес, Назарбаевтың өкілі барды
фото: Мария Гордеева/Reuters

Бүгін Қырғыз Республикасының жаңадан сайланған президенті Садыр Жапаровтың ұлықтау рәсімі өтті. Оған Қазақстанның қазіргі президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың емес, елдің бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың өкілі барды, деп хабарлады paryz.kz, orda.kz-ке сілтеме жасап. 

Салтанатты рәсімде алғаш болып сөз алған Қазақстан халқы ассамблеясы төрағасының орынбасары Жансейіт Түймебаев Жапаровқа Назарбаевтың құттықтауын оқып берді. Ол "құттықтау Қазақстан халқы мен Назарбаевтың атынан" екенін жеткізді. Елдің қазіргі президенті Тоқаевты сөзіне қосқан жоқ.

"Еліңіздің жарқын болашығы мен мүддесі жолындағы жауапты жұмысыңыз мемлекетіңіздің тұтастығын нығайтуға және халықаралық аренадағы беделін асқақтатуға бағытталған істеріңіздің табысты болуына тілектеспін. Қазақстан және Қырғызстан арасындағы достыққа, тату көршілікке және стратегиялық серіктестікке негізделген ынтымақтастық жаңа, сапалы деңгейге көтеріліп, халықтарымыздың игілігі үшін бұдан әрі нығая беретініне үміттенемін", - делінген Назарбаевтың құттықтауында.

Қазақстанды 30 жылға жуық үздіксіз билеген Нұрсұлтан Назарбаев 2019 жылдың наурызында президенттіктен кетті. Алайда ол елдегі биліктің бір тармағын әлі өз қолында ұстап отыр. Оның орнына президент болған Қасым-Жомарт Тоқаевты сарапшылар "Назарбаевтың айтқанымен жүретін адам" деп жиі сынайды. Елде қос билік туралы жиі айтылады. Алайда билікшіл топ оны жоққа шығаруда.