Прямая трансляция

Астана

Астана

-12.03°C

Тоқаев "Жер шетелдіктерге сатылмайды" деп алдап, Қытайға жалға бермек пе?

Биліктің жер туралы жырды қайта көтеріп жатқанына қарағанда, Қытайға жерді жалға бермей тынбайтын секілді. Ал мұның арты халықтың қарсылығына ұшырап, көтеріліске түрткі болуы мүмкін.

Тоқаев "Жер шетелдіктерге сатылмайды" деп алдап, Қытайға жалға бермек пе?
фото: дереккөз

2016 жылы елімізде ауыл шаруашылығы жерін шетелдіктерге сату және ұзақ мерзімге жалға беруді қарастыратын даулы өзгерістерге халық жаппай наразы болған. Халықтың наразылығынан кейін билік жерге байланысты бес жылға мораторий жариялады. Биыл аталған моратоийдің мерзімі аяқталады, деп хабарлады paryz.kz, arasha.kz-ке сілтеме жасап.

"Ұсыныстар байыппен талқыланып, түбегейлі шешім қабылдануға тиіс. Үкіметке биылғы қараша айына дейін Жер кодексіне түзетулер енгізілуін қамтамасыз етуді тапсырамын" деген Президент нақты қандай түзетулер енгізілетінін айтпады.

"Үкімет жерді кімге жалға бергісі келіп жанығып отыр? Мәселен іргеміздегі Ресейде ауыл шаруашылығына қажетті жер жетеді. Ал екінші бір алып көршіміз қытайға ауыл шаруашылығына қажетті құнарлы жер керек. Себебі халқы милиардтан асқан қытайға күнделікті қорек ететін азық-түлік қажет. Біздің бидайымыздан бастап ет, көкөнісімізге дейін қытай қызығып отыр. Сондықтан да жоғары шенді шенеуніктер қытайға жер беруге құлшынып отыр деп ойлаймын. Қытайға жерді жалға бергенше, біз неге сол жерге әртүлі өнім егіп, сол тауарды сатпаймыз? Неге осы жұмысты Үкімет ұйымдастырып, жүргізбейді? Билікте отырған адамдар халықтың қамын ойлап отырған жоқ, өзінің қалтасының күйін күйттеп отыр", – дейді сарапшы Қазыбек Бейсебаев.

Иә, расында қазақтың жеріне қытайдың көз алартып отырғаны жасырын емес. 2009 жылы экс-президент Нұсұлтан Назарбаев Қытай Қазақстаннан соя мен рапс өсіру үшін 1 млн. гектар жер сұрағанын айтқан болатын. Бұл мәселе қоғамда пікірталас туғызып, халық қатты наразылық білдіргеннен кейін басылған. Бірақ арада 10 жылдан астам уақыт өткенде жер мәселесі тағы алдымыздан шығып отыр. Денесінен ет кесіп алса үндемейтін халық жер дегенде алаңға алқынып шығатыны белгілі. Осы ретте "Билік неге жер сатуға құлшынып отыр?" деген заңды сұрақ туындайды.

Қасым-Жомарт Тоқаев Жер жөнінде комиссия құрамыз деп халықты алдағанша, неге жер туралы заңды Парламентке қайтарып, халықтың көңілінен шығатын заң қабылдап бермейді? Егер жер туралы заң халықтың талап-тілегіне сай қабылданбаса, онда биыл наразылық оты бұрқ ете қалуы мүмкін. Билік мұны неге есепке алмай отыр?

Неде болса биыл «Не бел кетер, не белбеу кетер» дейтін жыл болмақ.