Байқоңыр қаласында көшелерге қазақша атау берілді, деп хабарлады президенттің Байқоңыр кешеніндегі арнаулы өкілдігі.
Шешімге Байқоңыр қалалық әкімшілігінің басшысы Константин Бусыгин қол қойған.
Қаладағы Гостиничный проезд көшесіне Кеңес Одағының батыры Әлия Молдағұлованың, Внутриквартальный проезд көшесіне Кеңес Одағының батыры Мәншүк Мәметованың, Авиационный көшесіне әскери қолбасшы, жазушы Бауыржан Момышұлының аты беріліп, Набережная көшесі Қорқыт ата атындағы жағалау болып өзгерді.
«Бүгінге дейін қала тұрғындары Абай даңғылы, Жанқожа батыр көшесімен қауышты. Сондай-ақ тағы бір көшеге Ұлы Отан соғысының ардагері Қалмырза Жармановтың аты берілді», - деп жазылған президенттің «Байқоңыр» кешеніндегі арнаулы өкілдігі таратқан хабарламада.