Прямая трансляция

Астана

Астана

-7.03°C

Әйтеновке ипподром үшін шымкенттіктер ақша жинап беруге дайын

"Маған Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов жұртшылықпен санаспай, ипподромның орнына тұрғын үй салдырамыз деп қайтпай тұрып алуынан кейін әртүрлі ой келе бастады..." - дейді Абай Балажан.

Әйтеновке ипподром үшін шымкенттіктер ақша жинап беруге дайын
фото: facebook.com

Белгілі журналист Абай Балажан facebook-тегі парақшасында көптен бері шу болып, "сиясы кеппей" тұрған Шымкенттегі ипподром мәселесін көтерді. Көтеріп отырған мәселесіне Отырар ауданындағы Шәмші ауылында болған бір жайтты тұздық етіп, жан-жақты ой қозғады. Сонымен, сол келтірілген айғақ пен айтылған сөздің "дәмін бұзып алмас" үшін автордың жазбасын қаз-қалпында жариялауды жөн көрдік, деп жазды paryz.kz.

"Шымкент ипподромы төңірегіндегі қала жанашырлары мен әкімдік арасындағы көзқарастар қақтығысы басталғалы есіме сонау 1996 жыл түседі. Бәлкім мұны көзқарастар қақтығысы дегеннен гөрі өз атауымен текетірес деген дұрыс шығар. Одан да дұрысы, қала жанашырлары мен әкімдік арасындағы текетірес. Егер текетірес болмаса, Шымкент қаласы әкімінің идеология жөніндегі орынбасарының кеңесшісі делініп жүрген, қызметтік кабинетін де өзі кеңес беретін адамның кабинетіне қоңсылас қоңдырған делінетін Рүстем Әшетаев дегеннің әлемжеліде әкесіндей Асқар Мамырбаевқа ұрып жіберетіндей болып, тап-тап беруін қалай түсінерсің?! Бұл текетірестің тым тереңдеп кеткенін көрсетпей ме? Әкімдік пен қала жанашырларының арасы осынша ушығып кетпесе, қаланың әкімі бола ма, Әшетаевтың кеңесіне мұқтаж болып жүрген орынбасары бола ма, осынау оспадарсыздық үшін есімі бүкіл республикаға танымал архитектор Асқар Мамырбаевтан осы күнге дейін сыпайылық үшін болса да бір кешірім сұрауы керек еді ғой.

Әшетаевты қоя беріңіз, оның кім екенін соңғы бір-екі күнде тани бастағандаймыз. Қала әкімдігінің байырғы архитектордан кешірім сұраған постын өз басым әлеуметтік желіден кездестірмедім. Егер олар кешірім сұрап, оны мен көрмей қалған болсам, кешірім сұраймын.

Жә, бірді айтып, бірге кетпейін, ипподром төңірегіндегі текетірес десе, есіме 1996 жыл түседі дедім ғой. Неге? Айтайын.

Ол жылдар еліміз үшін өте ауыр кезең еді ғой. Әсіресе ауыл тұрғындары үшін. Теңгені қолына алғаш рет 1998 жылы ұстап көрген ауыл тұрғындарын да білемін. Бүгін бәрі ертегі сияқты, бірақ бұл - шындық.

Мен Отырар ауданындағы Шәмші ауылының тумасымын. Топырағы тарихқа тұнып тұрған ауыл. Ауыл бұрын "Темір" асыл тұқымды қаракөл қой кеңшары деп аталатын. Сол кеңшарда Социалистік Еңбек Ері Шерім Ерманов директор болып тұрғанда заман талабына сай тамаша клуб салдырып береді. Клуб дәрігер Мұхтар Әлиев (кейін министр, әлем таныған хирург болды, академик, Халық Қаһарманы атанды), комсомол-жастар бригадасының жетекшісі Айтбек Мұсаев (шопандықтан кеңшар директорлығына дейінгі қызмет жолдарынан өтті), Шәмші Қалдаяқов (кім екенін тәптіштемей-ақ қояйын) секілді сол кездегі ауыл жастарының жиі бас қосатын қасиетті орнына айналады. Атақты Өзбекәлі Жәнібеков осы клубта екі рет Қазақстан комсомолдарының республикалық семинарын өткізеді. Бұл клуб ұлы жазушы Мұхтар Әуезовтің ұлы Шәмшінің әкесі - Қалдаяқ атаның алдында басын иіп тұрып, "қазаққа осындай ұл сыйлаған Сізге мың да бір рет рахмет!" деп тағзым жасағанына куә болған ғимарат! Бұл клуб Қазақстанда 60-жылдары Ресей әдебиеті мен мәдениетінің онкүндігі өткенде орыс композиторларының арнайы келіп, "Шәмшінің кіші Отанын көрдік" деп шексіз қуанып кеткеніне куә болған ғимарат! Одан кейін де бұл ғимаратқа ұлтымыздың қанша айтулы тұлғалары келіп, руханият жайынан шешіле сөйлегеніне куәміз.

Әдетте, әкім деген халық өте қызық халық болады. Олардың бір шешім қабылдап тұрғанында не ойлап тұрғанын түсіне алмайсың. Бір сөзбен айтқанда, сол клубты 1996 жылы жергілікті билік шымкенттік бір кәсіпкерге небәрі 3 мың теңгеге сатып жіберген ғой. Ол кезде әлеуметтік желі деген жоқ, ауыл адамдары оны естімей де қалады. "Клуб сатылып кетіпті" дегенді ауыл шалдары бір аптадан кейін ауызашарда бір-ақ естиді. Содан клубты сатып алған кәсіпкердің ауылға келуін күтеді.

Апта күннен кейін жетегіне алған КамАЗ-ы бар, клубтың кірпіштерін бұзып әкетуге кәсіпкер де жетеді. Оны Шәмші ауылының бірі оқыған, бірі қара танымайтын қарттары күтіп тұрған еді. "Жаңа қазаққа" "Амансың ба, балам?" деп қарттардың өздері сәлем береді. Оның да ептеп көргені бар екен, бірінші амандаспағанына кешірім сұрайды. Біздің ауылдың шалдары "оқасы жоқ, балам, біз сенің алдыңнан екі бұйымтай айту үшін шығып тұрмыз" дейді. "Ойбай, айтыңыздар" деп ана мың болғыр да елп ете қалады. "Айтсақ, балам, шыныңды айтшы, мына клубты қаншаға сатып алдың?" дейді қариялар. "Үш мыңға" дейді кәсіпкер. "Ендеше, бізді тыңда, бұл клубтың осындай-осындай тарихы бар еді, киеге тұнып тұрған ғимарат еді. Киеге қол көтергеннің осы күнге дейін оңғанын көрмеппіз. Тыңдамасаң, өзің білерсің. Сатып алған екенсің, ғимарат сенікі. Ал, тыңдасаң, бұзба! Елдің байлығын осы елдің өзіне қалдыр. Менен шығын кетті ғой десең, бізге бір ай мұрсат бер, үш мыңыңды қолыңа ұстатамыз. Бұл ауылға салық салуға болмайды, жұмыс жоқ, өздері күндерін әрең көріп отыр. Ол ақшаны саған біз өзіміздің пенсиямыздан жинап береміз. Осыған келісейік, балам" дейді.

Сенесіз бе, ол кездің кәсіпкерлерінің бір нәрсеге келісуі қиын болатын. Мына жігіт алдындағы өңкей әппақ сақалдары омырауларын жауып тұрған қарттардан асып кете алмайды, қинала тұрып келіседі. Уәделі мерзімде ауылға екінші рет келіп, 3 мың теңгесін алып кетеді. Қариялар батасын беріп қала береді.

Шәмші ауылы қарттарының тарихи ғимаратты қалай аман алып қалғаны жөнінде кезінде "Оңтүстік Қазақстан" газетіне арнайы мақала да шыққан. Авторы - Нұрлан Кенжеғұлов.

Содан клубтың екінші ғұмыры басталып кетті. 2016 жылы сол кездегі облыс әкімі Бейбіт Атамқұловқа Шардарадағы бір жиында қаға берісте осы әңгімелердің шет жағасын айтып бердім. Әкімнің әңгімеге қатты қызығушылық танытқанын пайдаланып, Шәмші ауылына баратын жолдың сын көтермейтіндігін, клубтың алдына ұлы композитордың ескерткішін орнатса, құба-құп болатындығын, осы жерден музыка мектебі, музей ашылса, ол руханият саласына қосылған үлкен үлес болатынын мүмкіндігінше жеткізуге тырыстым.

Бейбіт Атамқұлов оның бәрін қабыл алды. Және сол күні ауылда облыстық Шәмші фестивалі өтіп жатқан, сол жиында жасаған баяндамасында облыс әкімдігі осы мәселелерді таяу арада жүзеге асыратынын жеткізді. Бұл мәселенің жай-жапсарын сол жылдары Бейбіт Атамқұловтың жанында қызмет атқарған белгілі ақын Ақберен Елгезек менен де жақсы біледі.

Бейбіт Атамқұлов сөзінде тұрды. Ауылдағы атақты клубтың алдында бүгін Шәмші Қалдаяқов ескерткіші асқақтап тұр. Жол да жөнделді.

Түркістан облысының бүгінгі әкімі Өмірзақ Шөкеевтің руханиятқа, ұлттың ұлы тұлғаларына деген құрметі тіптен ересен болып шықты. Ересен болғаны сол емес пе, өткен жылы сол клубтың жанынан Шәмші музейі ғимаратын салдыртып, кішкентай ғана ауылды ұлы композитордың әруағын сыйлайтын жандардың арнайы іздеп келетін рухани мекеніне айналдырды! Кие сыйлау деген осы шығар...

... Ипподром мәселесі көтерілгенде біздің аузымызға алдымен түскені Асанбай Асқаровтың есімі болды. Кие туралы айттық. Әр қаланың тарихи орындары болатыны туралы айттық. Ипподромға балталарын шошаңдатып, жүгіре жөнелуге дайын отырғандарға кішкене ой саламыз ба дегенбіз. Өкінішке қарай, 16 қабатты ғимарат жақтан "онда тұрған не бар екен?!" дегеннен басқа ешнәрсе ести алмай отырмыз. Естімейтін де шығармыз...

Р.S. Шәмші ауылының қарттарының әлгі кәсіпкерге пенсияларынан ақша жинап бергенін не үшін еске түсіріп отырмын? Бұл - өмір. Өмірде әртүрлі жағдайлар болады. Маған Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов жұртшылықпен санаспай, ипподромның орнына тұрғын үй салдырамыз деп қайтпай тұрып алуынан кейін әртүрлі ой келе бастады. Мұрат Дүйсенбекұлы кәсіпкер емес, бір жалақыға қарап отырған адам, ал жалақыны барлық шығыныңа жеткізе беру тағы қиын. Амал жоқ, кейде қарыз алуға тура келеді. Кейде сол қарызды қайтару да қиын болып кетеді. Мұрат Дүйсенбекұлы осылай бір қиналғанында БиАйгруп компаниясы басшыларынан қарыз алып қойып, оны қайтара алмай жүр ме екен?.. Аналар "қарызымды қайтар, әйтпесе ана ипподромға шешім шығарып бер" деп қинап жүрген жоқ па екен деген ой келетін болды осы күні. Егер шынымен солай болса, Шәмші ауылының шалдарынан қай жеріміз кем, бәріміз бір қайрат қылып, жалақымыздан болса да жинап берейік. Өз басым қашпаймын. Ең бастысы, демалыс аймағын сақтап қалсақ болды емес пе?! Әй, бірақ, Мұрат Әйтеновтің ол кісілерге ешқандай да қол қарызы жоқ шығар. Мен әсілі бекер күдіктенемін. Менікі егер солай болып жатса... деген әңгіме ғой".