Прямая трансляция

Астана

Астана

-18.03°C

Қысым көрсетіп, қорқытып жатыр: Жаңаөзенде мұнайшылар наразылығы жалғасуда

Жаңаөзенде мұнайшылар наразылығы жалғасып жатыр. "Мөлдір Мұнай Сервис" компаниясының кемінде 26 жұмысшысы қызметкерлердің айлығын теңестіруін талап етіп отыр. Бұл туралы Paryz.kz ақпарат агенттігі Азаттық Радиосына сілтеме жасап хабарлайды.

Қысым көрсетіп, қорқытып жатыр: Жаңаөзенде мұнайшылар наразылығы жалғасуда
Фото: azattyq.org

Алты аптадан бері "Мөлдір Мұнай Сервис" компаниясының Жаңаөзендегі ғимараты алдында тұрған жұмысшылардың 18-і үш күн бұрын "сулы" аштық жариялаған. Олардың сөзінше, тағы бір адам денсаулығы нашарлағандықтан аштықты үзуге тура келген.

26 адамның барлығы күні-түні Жаңаөзендегі кәсіпорын маңында тұр. Жұмысшылардың туыстары олардың қауіпсіздігіне алаңдаулы.

"Біз олардың жанында кезекпен түнеп кетіп жатырмыз. Себебі, соңғы күндері оларға азаматтық киімдегі белгісіз кісілер келіп, қорқытып жатыр", – деді жұмысшылардың бірінің жұбайы.

Наразылыққа шыққан жұмысшылардың отбасылары да олардың қастарына келген. 

"Келіншектері құртақандай баласымен, бесіктегімен, бірге келіп, осы жерде қонып жатыр. Құрттай екі айлық баламен жүргендер бар. Кеше 26 градус түннің салқынында қатып қалайын деп осы жерде жаттық қара жерде. Келіншектері, аналары – әрқайсысы осы жерде шырылдап жүрген адамдар. Барлығы ер адамдардың аман-есен келуін тілеп отыр" деді жұмысшылардың бірінің әйелі.

"Аштық" деген жазуы бар шатыр астында отырғандардың мәселесі әлі шешімін таппаған. Кейбірінің денсаулығы сыр беріп, жағдайы нашарлап жатыр. Балалардың қан қысымы 180-ге дейін көтерілген.  

16 тамызда облыстық денсаулық сақтау басқармасы Жаңаөзен ауруханасына аштық жариялаған төрт адамның жеткізілгенін мәлімдеді. Олардан гастрит және панкреатит белгілері анықталған. Барлығы амбулаторлық емдеуге жіберілген.

"Мөлдір Мұнай Сервис" компаниясы басшысы да жұмысшыларының аштық жариялағанын растады. Алайда компания басшылары қаржы мәселесіне байланысты жұмысшылардың талабын атқару мүмкін емес екенін жеткізді. Олардың сөзінше, компания екі айдан бері шығынға ұшырап жатыр.

Аталған компания мұнай және газ ұңғымаларын бұрғылау бойынша қызмет көрсетеді. Құрамында 16 өндірістік құрылымы бар "ӨзенМұнайГаз" маусым айында "БерӘлі Маңғыстау company"-дың бұрынғы жұмысшылары "Мөлдір Мұнай Сервиске" жұмысқа орналасуға келіскенін мәлімдеген.

Сарапшылар Қазақстанда ереуіл жұмысшылардың мәселесіне назар аудартудың негізгі амалына айналғанын айтады. Наразылыққа қатысушылар негізінен жалақы өсіруді, еңбек жағдайын жақсартуды талап етеді. Жұмыс берушілер әдетте жұмысшылардың талаптарын ішінара орындайды.