Прямая трансляция

Астана

Астана

-18.03°C

“Тоқаевтың мақаласы өте сақ жазылған" - Ресей баспасөзі

"Президент Тоқаев ашық түрде ұлтшыл-патриот күштердің көңіл-күйіне қарай "ойнаған". Ал оларды Никонов пен Федоровтың дауынан кейін өрт сөндіргендей сөндіріп, жұбату керек болды" деп жазды мақала авторы Вячеслав Половинко.

“Тоқаевтың мақаласы өте сақ жазылған" - Ресей баспасөзі
фото: ашық дереккөз

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың "Егемен Қазақстан" газетіне шыққан “Тәуелсіздік бәрінен қымбат” атты мақаласына орыс баспасөзі де назар аударып жатыр, деп хабарлады paryz.kz, arasha.kz-ке сілтеме жасап.  

Ресейдің "Новая газетасы" "Король севера" деген тақырыппен жарияланған мақалада Тоқаевтың жазғанына аз-кем шолу жасаған. Автор президенттің мақаласы ең әуелі ішкі аудиторияға арналғанын айтады. Оған Дума депутаттары Никонов пен Федоровтың Қазақстанның территориялық тұтастығына қатысты айтқан сөздеріне ұлтшыл-патриоттардың өре түрегелуі себеп болды дейді.

"Тоқаевтың мақаласы өте сақ жазылған. Оның үстіне материал тек газеттің қазақша нұсқасында ғана жарық көрген. "Егемен Қазақстанға" қарағанда "Казахстанская правда" мақаланың негізгі тезистерін жаңалық сипатында ғана берген. Бұл жанама түрде мақала ішкі аудиторияға арналған деуге негіз болады. Президент Тоқаев ашық түрде ұлтшыл-патриот күштердің көңіл-күйіне қарай "ойнаған". Ал оларды Никонов пен Федоровтың дауынан кейін өрт сөндіргендей сөндіріп, жұбату керек болды" деп жазды мақала авторы Вячеслав Половинко.

Бұдан әрі автор ұлтшыл-патриот күштердің ашу-ызасы "Хабар" арнасына ауып, "Большая неделя" хабарындағы тележүргізуші Дмитрий Олейниковтің Шевченкомен сөзталастырғанын сипаттай жаза келіп: "ұлтшыл-патриот күштердің ашу-ызасы мемлекеттік "Хабар" арнасын жабуға ашық шақыруға аз-ақ қалды", - дейді.

Cондай-ақ мақала авторы Вячеслав Половинко: "Ресми Мәскеу тілдеріне ие бола алмаған саясаткерлерінің кесірінен ендігі жерде үнемі сөз еститін болады. Олар бір рет айтты, ал оған жауап ретіндегі түрлі айыптауларды әркез естуге тура келеді. Ал Ресей саясаткерлері әрі қарай да Қазақстанның Тәуелсіздігіне тиісе беретін болса, тіпті сөзбен болса да, онда Қазақстан талқылауға тағы бірнеше тақырып ойластырып қойған", - дей келіп, президент мақаласындағы Желтоқсан оқиғасы туралы айтылғандарға тоқталады. Ал президент Тоқаев мақалада: "Биыл әйгілі Желтоқсан оқиғасына 35 жыл толады. 1986 жылы өрімдей ұл-қыздарымыз Кеңес Одағының қаһарынан қаймықпай, ұлт намысы үшін алаңға шықты. Осы күннен соң тура 5 жыл өткенде Тәуелсіздігімізді жариялауымыздың символдық мәні зор. Бұл орайда, азаттықтың алғашқы қарлығаштары – Желтоқсан қаһармандарының азаматтық ерлігі лайықты бағасын алып, жоспарлы түрде насихатталуы керек", - деген еді.

Сондай-ақ, Вячеслав Половинко Тоқаевтың ашаршылық мәселесін көтеруі де ресми Мәскеуге ұнамайтынын жазады. Президент болса, мақалада: "Миллиондаған адамды қазаға ұшыратып, тірі қалғанын жан сауғалап босып кетуге мәжбүр еткен алапат ашаршылықтың алғашқы кезеңі – 1921-1922 жылдардағы нәубеттен бері 100 жыл өтті. Сол зұлматтың кесірінен қырылып қалмағанда, халқымыздың саны қазіргіден әлденеше есе көп болар еді..." - деп жазған еді.