Прямая трансляция

Астана

Астана

-13.03°C

Елорданың ең қымбат ауданы егеуқұйрықтардың мекеніне айналған

Әкімдік жол салу үшін қажет деген сылтаумен "Шұбардағы" бірнеше коттеджді кадастрлық бағамен күресінге жіберіп, мемлекеттік қажеттілік үшін алмақшы да болды. Алайда ол нысандар қожайындарының жоғарыдағы "тіреулері" мықты болып шығып, тісі батпады. Үй иелері қымбат мүлкіне 4-тен 15 миллион долларға дейін сұрапты...

Елорданың ең қымбат ауданы егеуқұйрықтардың мекеніне айналған
фото: дереккөз

Есілдің сол жағалауында, жағажайда орын тепкен, кілең коттедждер мен әсем сарайлардан тұратын елорданың "Шұбар" шағын ауданы бертінге дейін астананың ең қымбат ауданы саналды. Сонымен бірге ол қала әкімдігі үшін "көзге шыққан сүйелге" айналды.

Есілдің жаңа әкімшілік орталығындағы жатаған, жеркепе үйлердің барлығы сүрілгенде, тек осы аудан ғана мұрты бұзылмаған күйде қалды. Әкімдік жол салу үшін қажет деген сылтаумен "Шұбардағы" бірнеше коттеджді кадастрлық бағамен күресінге жіберіп, мемлекеттік қажеттілік үшін алмақшы да болды. Алайда ол нысандар қожайындарының жоғарыдағы "тіреулері" мықты болып шығып, тісі батпады. Үй иелері қымбат мүлкіне 4-тен 15 миллион долларға дейін сұрапты.

Салдарынан, бүгінде елорданың ең басты бір "күретамыры" болып есептелетін Қабанбай батыр даңғылының оң жақ бетінде заманауи заңғар үйлер қаптап бой көтерді. Ал сол жақ беті, яғни "Шұбар" шағын ауданы ширек ғасыр бұрынғыдай жеке сектор қалпында қалды. Қазіргі кезде бұл ауданның жұртшылығы паңданатын жағдайда емес көрінеді. Олар өздерінде кеміргіштердің қаптауына мейрамхана, дәмхана, асхана, көше тағамдары секілді қоғамдық тамақтану орындарының шектен тыс көп ашылуын айыптайды. Тұрғындар оларды "тошниловки" деп атайды екен. Тіпті Қазақстандағы тұңғыш "McDonald’s" та дәл осы "Шұбарда" ашылғаны мәлім.

"Соңғы уақытта біздің отбасын, сондай-ақ басқа да тұрғындарды "Шұбар" шағынауданының неге айналып бара жатқаны қатты алаңдатады. Астананың қақ ортасында орналасқан, тып-тыныш, таза, сәнді әрі салтанатты мекен еді. Ал кейінгі жылдары біздің көшелеріміз 90-жылдардағы вокзалдар алдындағы ұсқынсыз, шулы алаңдарға ұқсап кетті. Бір ғана "Космонавты" көшесінің бойында бүгінде ондаған көше тағамының орындары мен дүңгіршектері жұмыс істейді. Олардың айналасы лас, үйілген қоқыс. Үнемі көліктер жиналып қалады", – дейді жергілікті тұрғын Ольга Шафрай.

Әрине, бұл үшін әкімдікті кінәлауға болмайтындай. Айналаны қоқысқа бөктіретін адамдардың өздері. Мемлекет болса, "Атамекен" кәсіпкерлік палатасымен бірге микро және шағын бизнесті дамытуға күш салуда. Олар 3 жылға дейін әртүрлі салық төлеуден босатылған. Оларды тексеруге 3 жылға мораторий жарияланған. Қалалық билік 2017 жылдан бері "1000 орын – көше саудасы" бағдарламасын іске асырып келеді. Оған сәйкес, кәсіпкер павильон ашқысы келетін жер учаскесінің орнын суретке түсіріп, мекенжайын "Астана" әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясына өтінішпен бірге жібереді.

Ұсақ бизнесмендердің "street food" форматын дамыту үшін осы ауданды көбірек таңдайтыны байқалады. Әкімдік олардың сұранысын қанағаттандырады.

"Әрине, мемлекеттің бизнесті дамытуға тырысатынын түсінеміз. Алайда неге кәсіпкерлер мүддесі тұрғындардан биік тұруы керек? Олар біздің тап-таза көшелерімізді былыққа айналдырды. Қаланың ешбір жерінде тамақтандыру орындары осынша тығыз орналаспаған. Оларға көліктер көп келіп, көшелерімізді тығындап тастайды. Өз үйімізге өте алмай, ортада кептеліп тұрғанымыз. Әсіресе, жаз келе сұмдық басталады: "летниктер" ашылысымен ағылатын автомобильдер саны еселеп артады. Салдарынан "Шұбарда" тышқандар, атжалмандар қаптап кетті. Бұрын ешқашан ондай болмаған", – деп қапаланды Ольга Игоревна.

Жергілікті тұрғындардың қиындық-мехнаты мұнымен таусылмапты. Бұрындары "Шұбардағы" әр коттедж-сарай өз ауласында, төл учаскесінде бау-бақша салатын. Жайқалып, жайнап, көз тартып, айналасына әдемілік сыйлап тұратын алуан-түрлі гүлзәрларға бөлейтін. Кейінгі кезде одан жаппай бас тартуға мәжбүр.

"2020 жылғы жазда "АстанаСуАрнасынан" бақылаушылар келіп, барлық тұрғындарға хабарландыру қағазын ұстатып кетті. Ол бойынша енді біз суды аула бағына және гүлзәрларымызға пайдалану құқығынан айырылдық. Өсімдік еккіміз келсе, "водовоз" жалдауымыз не жаңбыр суын жинап пайдалануымыз керек екен. Ауызсуға есептегішке сай ақы төлеп отырғанымызды айтсақ, көнбейді. Бақылаушылардың айтуынша, суға сұраныс күрт артқандықтан, құбырлар желісіндегі қысым құлдырап кетіпті. Бұл әділетті ме? Әртүрлі «тошниловкаларға», автожууларға коммерциялық пайда табуы үшін ауызсуды ылан-ойран шығындауға рұқсат етеді. Ал қарапайым тұтынушыларға тоспа қояды", – дейді "шұбарлықтар" атынан шағымданған Ольга Шафрай.

Тұрғындардың мәліметінше, мейрамханалардың бірі жаңа маңдайшасы алыстан көрінуі үшін сонау Ақмола кезінен өсіп тұрған үйеңкі ағаштарын кесіп тастапты. Былтырғы 21 қарашада осы "Шұбардағы" дәмханалардың бірінде болған қайғылы оқиға бүкіл елге тарады: газ баллонының жарылысынан 30-дан астам адам зардап шекті, қыз бала қаза тапты.

"Шұбарлықтардың" арызына өз блогы арқылы жауап қайырған Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов оларға Есіл ауданындағы "Достық көшесі, 13" мекенжайында (Нұрсая-2 тұрғын үй кешенінде) орналасқан Қалалық орта сапасы және бақылау басқармасына, №212 кабинетке (байланыс телефоны +7 (7172) 550-429) тиісті өтінішпен жүгінуге кеңес берді. Рас, одан ештеңе шықпауы мүмкін.

"Президенттің 2019 жылғы 26 желтоқсандағы жарлығына сәйкес, микро және шағын кәсіпкерлерді тексеруге тыйым салынған", – деді әкім.

Әйткенмен, бүкіл астаналықтардың да "шұбарлықтарға" айтар өкпесі бар: бұл шағынаудан әлі күнге дейін газдандырылмаған, оған орталықтандырылған жылыту жүйесі де тартылмаған. Соның кесірінен 3-4 қабатты алып коттедждерін жылыту үшін "шұбарлықтар" күз бен қыста бұрқыратып пеш жағады. Сөйтіп, Нұр-Сұлтан қаласын қалың түтінге қақалтады.

Жанат АРДАҚ